АРДАГЕРЛЕРГЕ АЛҒЫС АЙТЫЛДЫ

Жеңіс  деген  жақсылықтың  сыңары,

Жігер  менен  құштарлықтың  құралы.

Күрескердің  арманы  мен  ұраны,

Қуаныш  пен  мерекенің  бұлағы.

Биыл – Ұлы Жеңіске 74 жыл. Бұл қастерлі Жеңіс күні – аға ұрпақтың өшпес ерлігімен, ерен ­еңбегінің мәңгілік символы! Ардагерлерін ардақтаған ел ешкімді де ешқашан ұмытпайды. Себебі, бұл – біздің  тарихымыз,  біздің  даңқымыз,  біздің  мақтанышымыз! Жеңіс мерекесінің қарсаңында  Алматы қалалық Полиция департаментінің ұжымы ардагерлерге алғыс айтып, құрмет көрсетті.

 

 

 

 

 

 

Департаменттің ұйымдастыруымен акт залында Жеңіс күніне арналған іс-шара өтті. Салтанатты шара мемлекеттік әнұранмен басталды. Шара барысында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батырларды, жеңіс жолында жан бергендерді еске алып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Аталған шарада Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев ардагерлерге олардың майдандағы және еңбектегі ерліктері мен қажырлықтары үшін ризашылығын білдіре отырып, Жеңістің 74 жылдық мерекесімен құттықтады.

Ардагерлерге мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Қарыштап дамып келе жатқан еліміздің барша жетістіктері соғыс отын өшірген аталарымыз бен аналарымыздың еңбегі арқасында екенін тебірене айтты. 

Сонымен қоса, мерекелік іс-шарада  Алматы қалалық ІІМ ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы милиция генерал-майоры Сағынжан Байболұлы Асыл-Кеней  құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. «Біз еліміздің батыр ұлдарын ұмытпай, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек. Бейбіт өмірді әкелген ардагерлеріміз әрқашан аман болғай! Жастарымыз отаншыл болсын!», –  деді кеңес төрағасы.

Бұдан бөлек, ҚР Ішкі істер министрінің және Алматы ПД басшысының бұйрықтарымен бірқатар қызметкер қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны, заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлестері үшін мадақтамалармен және медальдармен марапатталды.

Сондай-ақ, алғысхаттар табысталды.  Салтанатты шара Полиция департаменті ансамблінің үрмелі аспаптар үні мен жанды дауыстағы әншілердің әндерімен жалғасты. Соғыс жылдарындағы және патриоттық рухтағы әндер шырқалып, домбыра шанағынан төгілген күйлер орындалды.

 

 

 

 

 

 

Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Мақсат Базарбаев тамаша әнінен шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңынан департамент басшылығы ардагерлерге алғыс айтып, ықылас гүлін табыс етті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Серіктестер
Видео