Ардагер болу – абырой, ақсақал болу – мәртебе!

Елімізде жыл сайын 1 қазан күні қарияларымызға құрмет көрсетіліп келеді. Айтулы күнге орай, Алматы қаласы Полиция департаментінің ұжымы ардагерлерге арналған салтанатты іс-шара өткізді. Оған ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент және басқарма басшылары, жас тәртіп сақшылары қатысты. Дәстүрлі түрде өткізілетін мерекелік іс-шараға әділет генерал-майоры, «Парасат» орденінің иегері, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы Рүстем Есімханұлы Қайдаров пен Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Сағынжан Байболұлы Асыл-кеней арнайы шақырылды. Рүстем Қайдаров қазыналы қарттарымызды мерекесімен құттықтап, оларға мықты денсаулық тіледі. Өз сөзінде: «Сіздер жастарға патриоттық тәрбие беруде өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сіздердің өмірге деген белсенді ұстанымдарыңыз бен дара жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге», –  деді.

Шара барысында Сағынжан Байболұлы Асыл-кеней бүгінде алып бәйтеректей бір әулеттің ақылшы тірегі, ұжымның арқа сүйер ардагерлеріне, қадірлі  қарттарымызға айрықша ықылас білдірді.

Сонымен қоса, ішкі істер органдарының зейнеткерлерін марапаттау туралы департамент басшысының бұйрығына сәйкес бірқатар ардагерлерге төсбелгі тақты.  Салтанатты іс-шара  Полиция департаментінің үрмелі аспаптар оркестрі және жас динамолықтардың, полиция қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырған мерекелік концертіне ұласты. Қазақтың қара домбырасының шанағынан төгілген күй мен тамылжыта шырқалған ән ардақты қарияларымыздың көңілін бір толқытып, бір серпілтті. Ардагерлер өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырушыларға  алғыстарын білдірді.

Серіктестер
Видео