ОЛИМП ЖӘНЕ ӘЛЕМ ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРҒАН БАТЫРДЫҢ ЖАСТАРҒА БЕРГЕН БАҒДАРЫ

Ағымдағы жылдың 13 ақпанында Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында еліміздің әйгілі спортшысы, ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері, Әлем чемпионаттарының жүлдегері, Азия чемпионы және Азия ойындарының вице-чемпионы Иван Федорович Дычко Академия спортшыларымен шеберлік кездесу өткізді. Кездесу барысында спортшы өз шеберлігінің құпиясымен бөлісті, спортшыларымызға бокстың тактикасы мен техникасын түсіндіріп, тәжірибе түрінде жаттығу өткізді. Жаттығу кезінде қолмен соққы жасай отырып шабуыл жасау және қарсыласынан жасалған соққылардан қорғану тәсілдерін нақтылап және аяқпен қалай қадам жасау керектігін үш раунд бойы көрсетіп өтті. Чемпионмен кездесу уақыты өте қарқынды, жоғары дәрежеде жүргізілді. Кездесудің ерекшелігі атақты спортшының соққылардың техникасын өзі шығып көрсетуінде болды. Жаттығуымыздың аяғында Академия спортшыларымен спорттағы өмірлік құндылықтарды тәрбиелеу туралы, оның ойынша қалай тұғыр биігінен көріну керектігі туралы еркін тілдесу жүргізді. Спортшы ең қиын есте қалған шайқастар туралы естеліктерімен бөлісіп, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар Академия курсанттары мен қызметкерлері        іс-шараның ресми бөлігінен кейін спортшымен жеке тілдесуге мүмкіндік алды.

Алдағы уақытта да жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, биік белестерге шыңдау мақсатында дене даярлығы кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен осындай іс-шаралар өзінің жалғасын таба бермек.

Серіктестер
Видео