Динамолық Ерлан Махмутов самбодан әлем чемпионы атанды

8-10 қараша күндері Самбодан ересектер арасында Оңтүстік Кореяның Чxонджу қаласында Әлем Чемпионаты  өтті. 10 қараша күні тоғыз салмақ дәрежесінде медальдар сарапқа салынды. Осы жарыста Қазақстан құрамасының сапында жамбылдық полиция аға лейтенанты Махмутов Ерлан жауынгерлік самбодан ел намысын қорғауға аттанды. 68 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ерлан жарыс жолында 4 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.

Ол жартылай финалда тартысты жекпе-жекте қарсыласынан  ұпай санымен есе жіберіп, қола медальді еншіледі. Осылайша Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жауынгерлік самбодан Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық 3-ші орын иеленуіне өз үлесін тигізді. Байрақты бәсекедегі қазақстандық самбошылардың жетістігі көңіл қуантарлық.  Жамбыл облысының өкілі Ділдәш Құрышбаева 68 кг салмақта финалда алты дүркін әлем чемпионы, ресейлік Марина Мохнаткинаға есе жіберіп, екінші орынға көтерілді. Ерлер арасында қарағандылық Рахат Жаңаниет 62 кг салмақта қола жүлдеге ие болды. Жауынгерлік самбодан маңғыстаулық Нұркен Домбаев 52 кг салмақта соңғы бәсекеде ресейлік Родион Асканаковқа жол беріп, күміс жүлдеге ие болды. 68 кг салмақта жамбылдық Ерлан Махмутов тағы бір қола жүлдеге қол жеткізді.

Осылайша өткен жылы дүниежүзілік додада қос алтын алған қазақстандық самбошылар биылғы әлем чемпионатында 4 күміс, 5 қола жүлдеге ие болды. Айта кетерлік жағдай,  2019 жыл динамолық жеңімпаз Ерлан Махмутов үшін өте жемісті болды. Жаттығу залында теккен тер мен үлкен еңбекқорлықтың арқасында Ерлан осы жылы жауынгерлік самбодан облыс чемпионы, Қазақстан  чемпионатының  күміс жүлдегері, халықаралық турнирдің жеңімпазы атағына қол жеткізді. Енді, міне, жыл соңында Әлем чемпионатының  жүлдегері атанды.