Динамолық спортшы Нұрислам Санаев Токио олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алды!

Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық Нұрсилам Санаев ширек финалда қарсыласын ұтты. Ширек финалда ол әлем чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері жапониялық Юки Такахашимен белдесті. Белдесу 6:4 есебімен аяқталып, Нұрислам Санаев келесі айналымға жолдама алды.

Санаев финал жолдамасы үшін таласта үндістандық Рави Кумармен белдескен болатын. 

Тартысты кездесуді Нұрислам жақсы бастады. Ол қарсыласын бірнеше рет айналдырып, 9:2 есебімен алға шыққан. Бірақ бұл басымдықты ол соңына дейін сақтай алған жоқ. 

Белдесу кезінде Санаев аяғынан кішігірім жарақат алып, кейін үнділік балуан әдіске көшті. Нәтижесінде, Рави Кумар Нұрисламды таза жеңіп, финалға шықты. 

Санаев  қола медальға таласта Болгария өкілі Георгий Вангеловпен белдесті. Жекпе-жек Санаевтың басымдығымен өтіп, ол 5:1 есебімен жеңіске жетті. Нұрислам өз мансабында алғаш рет Олимпиада жүлдесін иеленіп, қола жүлдегер атанды!