“Динамо” түлектері – спорт тарландары

Жамбыл облысының даңқты спортшылары “Динамо” спорт қоғамының тәрбиеленушілері болып табылады.

Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Салкен Жартыбаев, Ақжүрек Таңатаров, Ислам Байрамуков, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев секілді белгілі жамбылдық спортшылардың “Динамо”дене шынықтыру және спорт қоғамының туы астында өнер көрсеткені белгілі. Бүгінгі таңда олардың даңқты жолдарын Елдос Сметов, Асламбек Шымбергенов, Ерлан Махмұтов, Руслан Жаппаров сынды динамошылардың жаңа буыны және басқа да спортшылар лайықты жалғастыруда. Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт, Тәуелсіздік жылдары спорт қоғамының өкілдері ұлттық құраманың қоржынына 12 алтын, 19 күміс және 29 қола олимпиада медалін салды. Биыл “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамына 95 жыл толды. Басқаша айтқанда, бұл тарихы бай және үлкен жеңістерге қол жеткізген қоғам. Бұл жөнінде “Динамо”спорт кешенінде өткен салтанатты шара барысында сөз болды. 

Спортшыларды мерейтойымен Жамбыл облысы бойынша “Динамо” ДШСҚ төрағасы, Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов құттықтады. – Бүгін республиканың ең беделді спорт қоғамдарының біріне – 95 жыл. Оның тәрбиеленушілері түрлі халықаралық жарыстарда біздің еліміздің намысын қорғап, үздік нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар, дене шынықтыру мен спортты насихаттауда бұл қоғамның маңызы зор. “Динамо” ДШСҚ – ның полиция және жалпы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру дайындығын нығайтудағы рөлі де маңызды, – деп атап өтті Жанат Қуанышұлы өз сөзінде.

Одан кейін ПД бастығы динамолық мектептің 14 өкіліне, соның ішінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жахитке, Облыстық ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері одағының төрағасы Тұрдалы Шералинге, ПД бастығының орынбасары Руслан Құрымбаевқа, КСРО- ның самбо және дзюдодан спорт шебері Ерген Қалдыбекке, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаевқа, қазақ күресінен Азияның екі дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бегімхан Әділбековке, қазақ күресінен Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әмір Хабибуллаев және басқа да тұлғаларға мерейтойлық медальдар табыстады.

Салтанатты шарада Марат Жахит пен Тұрдалы Шералин сөз сөйлеп, жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулудағы және жоғары жетістіктер спортын дамытудағы спорттық қоғамның рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Тұрдалы Шералин “Динамо” дене шынықтыру-спорт кешенінің директоры Жомарт Ысқаққа ҚР ІІМ ішкі істер органдарының еңбек сіңірген ардагері медалін табыстады.