Ант қабылдаған спортшылар

Қаңтар айының 20-сы күні Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің саптық алаңында Рио олимпиадасының чемпиондары – Дмитрий Баландин, Нижат Рахимов және бірқатар спортшылар салтанатты түрде әскери ант қабылдап, ресми түрде Ұлттық ұлан қатарына өтті.

Қазақстанның көк байрағын әлем додаларында биікке желбіретіп, ел намысына селкеу түсірмеген спортшылар алғаш рет қару асынып, командирлер мен жеке құрам алдында Отан алдында ақтық демдері қалғанша адал болуға ант берді.

Әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы шығарылған сәтте жеке құраммен бір сапта сап түзеген жүзу шебері Дмитрий Баландин мен зілтемірші Нижат Рахимов олимпиада ойындарында алтын медаль алып, Қазақстанның мемлекеттік Туы биікке көтерілгенде ерекше толқыныспен  әнұранды шырқаса, бүгін де Жауынгерлік Ту шығарылғанда  бейнебір сондай күй кешті.

Ұландық спортшы жауынгер атануларымен спортшыларды құттықтауға Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін атқарушы генерал-майор Андрей Каскеленов келді. Ол өз сөзінде: «Құрметті спортшылар, бүгін сіздер Отан алдында салтанатты түрде әскери ант қабылдап, Ұлттық ұлан қатарына кіріп отырсыздар. Еліміздің егемендігі мен Тәуелсіздігін қорғау жолында Ұлттық ұлан сарбаздары қашан да өз алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқаруда. Сіздер де өздеріңізге артылған міндеттерді қайсарлықпен орындап, бүгінгі қабылдаған анттарыңызға адал болады деген сенімдемін!» — деді.

Қолына қару ұстап әскери ант қабылдаған Дмитрий Баландин: «Ұландық жауынгер атанғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұрын-соңды қолыма Калаш қаруын ұстап көрмегендіктен және саптық алаңда саптық адыммен жүріп көрмегендіктен әскери ант қабылдау сәтінде сәл қобалжу болды. Бірақ Отан алдында өзге де сарбаздар секілді әскери киім киіп ант қабылдау сәті маған ерекше көңіл-күй сыйлады. Өзіме артылған міндеттерді абыроймен орындап, еліміздің, һәм Ұлттық ұланның намысын қашан да биік ұстауға тырысамын, антыма адал боламын, Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» — деп ағынан жарылды.

Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы. Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны», — дейді. Яғни, адамзат нормаларының қалыптасқан шегі ар болса, оны бұзу опасыздыққа жатады. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыздың аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету – ең ұлық қызмет.

ҚР Ұлттық ұланның
 «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі

Жаңа
Серіктестер
Видео