Балаларға базарлық

Балалар 1Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданына қарасты «Үлкен Шаған» ауылында кең көлемдегі спорттық шара өтті. Оны «Динамо» ДШС мен «Нұр Отан» партиясының Зеленов аудандық филиалы, сондай-ақ, «Үлкен Шаған» ауылдық әкімдігі мен Батыс Қазақстан облыстық ІІД ұйымдастырды.
Сайысқа 13 пен 15 жас аралығындағы 8 команда қатысты. Әр команда да 6 баладан болды. Олар жеңіл атлетика, эстафета, тоғыз құмалақ, армрестлинг, арқан тартыс, туристік жолақтан кедергілер арқылы өту, палатканы құру және бұзу, түйінді төмпешіктен сүрінбей өту, бөгеттерден өту, алау жағу, күрме байлау, велосипедпен кедергілер арқылы өту сынды спорт түрлерінен бақтарын сынады.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Павел Ставкин: «Мектеп жасындағы өрімдей ұл-қыздардың спортқа жақын болып, бүгінгідей көпшілік шараға қатысуы мені әр кез қуантады. Олар жалындап тұр. Барлық команда жеңіске жетсем деп келді. Әр команданың жаттықтырушысы өзінің дайындаған командасына сенеді, күні-түні дайындады емес пе? Сондықтан біздің жастар барынша өз шеберліктерін көрсетеді деген үміттемін», — деп балалардың жеңіске деген жігерін қайрай түсті. Одан кейін «Үлкен Шаған» орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жолдығали Аяшевқа, «Үлкен Шаған» ауылының әкімі Сағидолла Айбатовқа, «Үлкен Шаған» орта мектебінің директоры Ботагөз Ислямоваға «Динамо» ДШСҚ-ның атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Сонымен балалар тағатсыздана күткен сайыс та басталып, әуелі арқан тартыс ойынан сынға түсті. Сайыста әр команда олқылық танытпай, өздерінің мықты екендігін дәлелдеуге тырысты. Нәтижесінде Көшім мектебінің өрендері Үлкен Шаған орта мектебінің команлдасын ұтса, Жаңатаң ойыншылары Ақжайық командасын қапыбалалар 3 қалдырды. Ал, Степной командасының балалары Щапово ойыншыларынан бұйым құрлы көрмей, жеңіске жетті. Бір командалар осылайша арқан тартудан сайысқа түсіп жатқанда, келесі залда балалар тоғызқұмалақ ойнауға кірісті. Әсіресе бұл сайыста тоғызқұмалақтан бірнеше мәрте жеңімпаз атанып жүрген Айым Бисенбайқызы да өнер көрсетті. Ол қазір Чапаев ауылындағы №2 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің жетінші сынып оқушысы. Біз ретін тауып онымен тілдескенімізде, ол өзін осы жарысқа дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Берік Баймурзиннің бастап әкелгенін, жарыстың ерекше ұйымдастырылғанын айтты.
Келесі кезекте балалар велосипедпен жарысқы шықты. Сайыс талабы бойынша, түрлі кедергілерден өтіп, санаулы уақытта өз орнына қайта келуі тиіс. Әр команданың ойыншылары айналма жолдардан, бөгеттерден құламай өтіп, бірінші шұңқырда жатқан таяқшаны еңкейе алып, екінші шұңқырға тастауы керек. Содан кейін алдыңғы тұсы көтерілген жіңішке қарағай үстімен құламай өтуі тиіс болатын. Әрине, сайыс болғасын уақытынан кешігіп немесе тапсырманы орындай алмай жатқан ойыншылар да болды. Алайда, әділ бағасын берген төрешілер ешкімге қараулық жасамады. Ал, осы жарыс түрінде еш мүдірмей, барлық тапсырманы мүлтіксіз орындаған Эльдар Кенжешов: « Мен Үлкен Шаған орта мектебінің 9-сынып оқушысымын. Бірнеше спорт түрінен өткен жарыс бәрімізге ұнады. Барлық команданың жауапкершілігі, жеңуге деген ұмтылысы көрініп тұр. Ешкімнің ұтылғысы келмейді. Велоспорттан соң әр команда санаулы уақыт ішінде алаңда палатка құрып, ілезде бұзады. Уақыт шектеулі. Шапшаңдықты және жинақылықты талап етеді. Бұндай жарыстар тек мейрам алдында емес, жиі-жиі ұйымдастырылса екен», — деп өз қуанышымен бөлісті.
Сонымен балаларға базарлық сыйлаған осы спорт мерекесі бір күннің ішінде өз міресіне жетіп, кешке қарай жеңімпаз ойыншылар мен командалар анықталды. Жалпы командалық есеп бойынша Үлкен Шаған орта мектебінің командасы бас жүлдені иеленсе, Янайкино ауылындағы Батурин орта мектебінің командасы екінші орын алды. Көшім орта мектебіне үшінші орын бұйырды бұйырды.
балалар 2Ал, жекелеген жарыстар бойынша командалық эстафета ойынында Үлкен Шаған мектебі бірінші, Степное орта мектебі екінші, Көшім орта мектебі үшінші орынға жайғасты. Сондай-ақ, жеңіл атлетикадан Жаңатаң орта мектебінің командасы бірінші, Батурин орта мектебінің оқушылары екінші, Үлкен Шаған командасы үшінші орынмен марапатталды. Туристік эстафета турында Үлкен Шаған орта мектебінің командасы үздік деп танылса, Степное орта мектебі екінші, Ақжайық командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Жергілікті жерді бағдарлау сайысында Көшім орта мектебінің оқушысы Сұлтанбек Бисенғалиев алдына жан салмаса, қыздар арасында да осы мектептің өрені Марина Пухова жеңіске жетті. Армрестлингтен Батурин орта мектебінің мықтысы Асылхан Төлеген жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, тоғызқұмалақтан Батурин орта мектебінің оқушысы Артур Аймұханбетов бірінші орын алса, қыздар ортасында да осы мектептің оқушысы Индира Үмбеталиеваның айы оңынан туды. Велосипедпен кедергілер арқылы өтуден үздік деп танылған Эльдар Кенжешов пен Марина Плетнева біріншілік тұғырына көтерілді.
Жеңіске жеткен командалар мен жекелей сындағы спортшыларға «Динамо» ДШСҚ-ның атынан арнайы диплом мен кубок, сондай-ақ спорттық костюмдер мен құнды сыйлықтар тапсырылды. Соңында барлық балалар: «Достық жеңді! Біз – мықты жас спортшымыз!» деп ұрандатып, өзара мәз болысты.