Балғын боксшылар бәсекесі

Балғын боксшылар бәсекесіАлматы қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында қазақ боксының аңызға айналған тұлғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Рожковты еске алуға арналған турнир өтті. «Сұлтан-Динамо» бокс клубының залында жалауы көтерілген сайысты «Динамо» ДШСҚ мен «Сұлтан» спортшыларды қорғау қоры ұйымдастырды.

Жарысқа Алматы қаласы мен Алматы облысынан, сондай-ақ, еліміздің өзге аймақтарынан келген 192 балғын былғары қолғап шеберлері қатысты. Олар жас ерекшелігіне орай төрт топқа (2000-2001, 2002-2003, 2004-2005, 2006-2007) бөлінді. Турнирді ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушыларды төрт топқа бөлу арқылы бокспен шұғылданып жүрген барлық өрендер шаршы алаңда бағын сынауға мүмкіндік алған. Сайыстың мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында боксты насихаттап, олардың спортқа деген қызығушылығын артттыру. Сонымен қатар, қазақ бокс мектебінің көрнекті тұлғасы Геннадий Рожковтың есімін жастардың жадында жаңғыртып, оның ел спорты үшін атқарған елеулі еңбегін паш ету. Себебі, қазақ боксы туралы сөз қозғалғанда тілімізге бірден  Геннадий Федосеевичтің есімі оралады. Ол – жаттықтырушы әрі  ұстаз ретінде қазақ боксына өшпес із қалдырған білікті маман. Ең басты ерекшелігі – Рожковтың шәкірттерінің көбісі жоғары дәрежелі мамандар болып шықты. Мысалы, Геннадий Федосеевичтің шәкірттерінің тоғызы әр түрлі ғылым саласының докторы, бірнешеуі профессор болып, екеуі Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Геннадий Федосеевичтің жетекшілік етуімен Қазақстан құрамасы КСРО халықтары Спартакиадасында нәтижелі өнер көрсеткен. Сонымен қатар, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың дайындығына сүбелі үлес қосқан сыралғы маман.

Ал турнирдің ашылу салтанатына Алматы қаласы, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанат Мұрынова, «Динамо» ДШСҚ спорт басқармасының бастығы Николай Князев пен өзге де құрметті қонақтар қатысып, сөз сөйледі. Өз кезегінде Николай Князев: «Бүгін қолына бокс қолғабын киіп, спортпен шұғылданып жүрген жасөспірімдер ертең ел үмітін ақтайтын спортшыға айналатынына сеніммен қараймыз. Осы жолда ел спортына өлшеусіз үлес қосқан Геннадий Рожков сында тұлғалардың атқарған ісі кейінгі жастарға үлгі-өнеге болып қана қоймай, жол сілтейтін темірқазық болары сөзссіз», — деп, мұндай жарыстардың жасөспірімдерді тәрбиелеу үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Одан кейін ән ұран ойнатылып, оң қолын кеудесіне қойған балалар қосыла шырқады.

Сайыс барысында көз жеткізгеніміз, бокс әліппесін енді үйреніп жүрген жас спортшылар кәнігі боксшылардай қимылдап, жеңіске деген жігерін таныта білді. Нәтижесінде 2001-2002 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында А. Ташмухаметов (42 келі), А. Каврыгин (46 келі), В. Ильичев (51 келі), И. Мырзаева (54 келі), Д. Шаудинов (57 келі), С. Камалдин (60 келі) және Н. Рузиев (66 келі) бірінші орын иеленді.

2002-2003 жылдар арасында Р. Тагиров (34 келі), М. Нұрмолдаев (36 келі), А. Арманұлы (38 келі), Х. Абдусаматов (40 келі), Е. Сайдағали (44 келі), Н. Мәсімжан (46 келі) және А. Сраимахунов ( 48 келі) чемпион атанды.

2004-2005 жылы дүниеге есігін ашқан спортшылар ортасындағы дода да тартысқа толы болды. Бұл топта Е. Адилжан (32 келі), Р. Ашимбаев (34 келі), М. Төлепберген (36 келі) және Е. Досымбек (38 келі) жеңіске жетті. Жарыстың ең жас қатысушылары, яғни, 2006-2007 жылдары дүниеге келген боксшылар арасында Д. Сыдықов (24 келі), М. Хамза (26 келі), М. Шоқан (28 келі), Б. Қуаныш (32 келі) пен Б. Қайратұлының (34 келі) бағы жанды.

Жекелеген номинациялар бойынша «Сұлтан-Динамо» командасының өкілі М. Хамза турнирдің «ең үздік техникалық боксшысы» деп танылса, «жеңіске деген жігері үшін» атағы А. Оңғарбек есімді боксшыға берілді. «Үздік боксшы» атағын А. Коврыгин жеңіп алды. Төрешілер мен сайысты бақылаған құрметті қонақтар бұл жастардың болашағы зор екенін айтып, «болашақта жеңіс тұғырынан көріне беріңдер» деген тілегін жеткізді.

Турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне баға берген бас төреші және АІВА төрешісіБалғын боксшылар бәсекесі Рахымжан Садықов: «Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Келген қонақтар мен жас боксшылар ризашылықтарын білдірді. Ең әуелі бізді қолдап, әрқашан қамқорлық танытып отыратын «Динамо» спорт қоғамына алғысымыз шексіз. «Динамо» спорт қоғамы тек қана бокс емес, өзге де спорт түрлерімен айналысатын балалар мен жасөспірімге қолдау көрсетіп келеді. Себебі, бұл жас өрендер ел спортын өрге сүйреп жүрген саңлақтардың ізбасары. Сондықтан ҚР Ішкі істер министрі, «Динамо» ДШСҚ Төрағасы Қалмұханбет Қасымов пен төрағаның бірінші орынбасары Асқар Омарқұловқа ерекше рахмет айтқым келеді. Бұл тунирді дәстүрге айналдырып, жыл сайын өткіземіз деп талаптанып отырмыз», — деді.

Айта кетейік, «Сұлтан-Динамо» бокс кулбының залында өтетін спорттық шаралар тізімі мұнымен тоқталмақ емес. Мамыр айының басында Кеңес Одағының батыры Мәсім Якуповты еске алуға арналған турнир өтеді деп жоспарланып отыр. Оған тағы да Алматы қаласы мен Алматы облысының, өзге де аймақтың жас боксшылары қатысады деп күтілуде.