Боксшылар бағындырған белес

dsc00577Ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшылары бокстан Германияның Галле қаласында аяқталған «Химиктер кубогі» халықаралық  турнирінен 4 алтын медальмен оралды.

Бұл жарыста бес бірдей боксшымыз ақтық кезеңге шыққан еді. Алайда, 69 келі салмақта жұдырықтасқан Абылайхан Жүсіпов шаршы алаң иесі Абас Баррауға есе жіберіп алды. Дегенмен, өзге төрт боксшымыз өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындай білді.

52 келіде кездесу өткізген Азамат Исақұлов финалда ресейлік қарсыласы Овик Оганесянды 4:1 есебімен жеңсе, 75 келідегі Әбілхан Аманқұл нидерландық Макс ван дер Пасты ұтты. Әбілханның қарсыласы тек үшінші раундқа дейін ғана шыдас бере алды. Ал, 91 келідегі боксшымыз, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит ресейлік Владимир Узунянды бұрыш-бұрышқа тықсырып, 5:0 есебіне жеңіп кетті. 91 келідегі Қамшыбек Қонақбаев болса украиналық Андрей Городецкийден 5:0 есебімен басым түсті.

Әдетте Галледегі халықаралық турнир әр құрлықтың боксшылары бас қосатын «кіші әлем чемпионаты» деп аталады. 1970-ші жылдан бері дәстүрлі  түрде жыл сайын жалауын көтеретін турнир тек екі рет өтпей қалған. 1991 жылы Парсы шығанағындағы соғысқа қатысты болса, 2010 жылы қаржылық себептерге орай тоқтатылған. Ал жарыстың не себепті «Химиктер кубогі» аталғанына тоқталсақ, оның түп-тамыры ұйымдастырушылармен тығыз байланысты. Себебі, ГДР кезінде Галле қаласына орналасқан көптеген химиялық зауыттар аймақтың спорттық инфраструктурасының дамуына көмектескен екен.