Денис Тен қазақ тілін үйренеді

Денис Тен қазақ тілін үйренедіДаңқты динамолық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен енді қазақ тілін үйренуге бар күш-жігерін жұмсамақ. Жақында ғана Шанхайда өткен Әлем чемпионатынан қола жүлдемен оралып, Астана қаласында журналистермен кездескен ол осындай байламын жария етті.

Денис Тен қысқы спорт түрлері бойынша мәнерлеп сырғанаудан еліміздің атағын әлемге паш етіп жүрген жалғыз спортшы. Ол – Әлем чемпионатының күміс және қола жүлде иегері, Сочи олимпиадасының қола медалін қанжығасына байлаған саңлақ. Тіпті осы жылдың басында Сеулде өткен төрт құрлық чемпионатының алтын жүлдесін алған болатын. Ал Астанадағы басқосуда қазақ тілін ана тілім деп айтқан спортшы осындай қонақжай елде дүниеге келгенін мақтан ете отырып: «Мен қазақ тіліне қатты қызығамын. Денис Тен қазақ тілін үйренеді1Сіздер білесіздер ме, жоқ па, білмеймін, бірақ мен қазақ балабақшасына барғанмын. Тіпті, таза қазақша сөйлегенім соншалық, тілдердің айырмашылығын сезбейтінмін. Бірақ, он жасымда мені Мәскеуге алып кетті де бәрі өзгерді… Мен Мәскеуде, әрине, орысша оқыдым. Қазір жадымда тек кейбір ауызекі сөздер ғана сақталған және қазақ тілін көп түсіне бермеймін. Сондықтан, қазіргі деңгейіммен қазақ тілінде сұхбат беріп, баспасөз мәлихаттарын өткізе алмаймын. Бірақ, бұл уақытша ғана», – деп, ағынан ақтарылды. Осылайша өзінің қазақ тіліне деген құрметін жеткізген спортшы әрі қарай: «Алдағы уақытта қазақ тілін үйренемін. Тек оған уақытымды дұрыс жоспарлай алсам болғаны. Себебі, қазір жолда көп жүремін және көп уақытым Америкада өтеді. Оның үстіне, қазір Қазақ-Британ техникалық университетінде оқимын, сабақтың бәрі ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан білім арсеналымды енді қазақ тілімен толықтырғым келеді. Маған жанкүйерлерім қазақша бірдеңе жазса, қатты қуанамын. Себебі, күні кешегіге дейін әлеуметтік желідегі парақшаларымның аудиториясы көбінесе шетелдіктер болды. Мен соған сәйкес ағылшын тілінде жазатынмын. Бірақ бұл үрдіс өзгеріп келеді. Жанкүйерлерім тіркеліп, маған қазақ тілінде жаза бастады. Сондықтан, ана тілім – қазақ тілін үйренетініме сенімдімін. Қазір менің міндетім – Отаныма қызмет етіп, спорттағы жетістіктерім арқылы туған жеріме деген махаббатымды білдіру. Енді сүйіспеншілігімді халқымыздың тілінде жеткізсем, ата-анам да, мен де қатты қуанар едік», — деді.

Бұл – Отанын сүйген, халқына шексіз махаббатын арнаған ұлдың сөзі. Себебі, қазақ елі – бірліктің, тату-тәтті тірліктің алтын ұясы. Денис Тен спорттағы жетістігімен ғана емес, өзінің отан алдындағы азаматтық парызы арқылы да өзгелерге үлгі болып отыр. Өркенің өссін дейміз!