«Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігі төрағасының Кубогы сарапқа салынды

волейбол1Астана қаласындағы «Алатау» спорт кешенінде волейболдан құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасында ҚР Ішкі істер министрі және «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қалмұханбет Қасымовтың Кубогы үшін республикалық турнир өтті. Үш күнге созылған тартысты бәсекеде ҚР ІІМ-нің командасы өзгелерді шаң қаптырып, бірінші орын иеленді. Айта кетейік, аталмыш команда үш жыл қатарынан жеңісті қолдан бермей келеді.
Жарыс өте көтеріңке көңіл күйде болды. «Алатау» спорт кешенінің залына «Динамо» ДШСҚ, ҚР волейбол федерациясы мен өзге де құрылымдардың белгілері бейнеленген жалаулар ілініп, арнайы баннерлер қойылды. Осының барлығы аталмыш құрылымдардың өз жетістігін айқындап тұрды. Ал, сайыс барысында Ұлттық гвардия оркестрі түрлі әуендер мен спорттық әндерді нақышынак елтіре орындап, жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Турнирдің ашылу салтанатына барлық күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдырының басшылығы, Денешынықтыру және спорт істері агенттігінің басшылығы мен «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігінің ардагерлері, өзге де қонақтар қатысты.волейбол2
ҚР ҰҚК төрағасы, ҚР волейбол федерациясының президенті Нұртай Әбіқаев турнирдің шымылдығын ашып, барлық сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Қазіргі таңда құқық қорғау органдары арасындағы спартакиада дәстүрге айналып келеді. Басты мақсатымыз – спорт арқылы құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасын жақындастыру. Екіншіден, спортқа қызығатын әріптестеріміздің қатарын көбейту. Сонымен қатар, мұндай бәсекелер болашақтағы халықаралық жарыстар да ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелеп шығаруға көмектеседі», — деп, сайыстың маңыздылығына тоқталды.
волейбол3Енді турнир барысына тоқталсақ, бәсекеда барлығы 11 команда бақ сынады. Олардың қатарында ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК, ҚР ТЖМ, ҚР Ұлттық гвардиясы, шекара қызметі, бас прокуратура, ҚР Кедендік бақылау комитеті мен Қаржы полициясы бар.
Жарыстың екінші күні тартысты жүрген сайыс барысында жартылай финалға шығатын командалар анықталған болатын. ҚР ТЖМ мен Мемлекеттік күзет қызметінің бірінші командасы қарсылас атанса, ҚР ІІМ мен Мемлекеттік күзет қызметінің екінші командасы кездесті. Өз қарсыластарынан басымдығын танытқан Мемлекеттік күзет қызметінің бірінші командасы мен ҚР ІІМ-нің командасы ақтық сынға жолдама алды. Турнирдің соңғы күнінде әуелі қола жүлденің иегерлері анықталып, жартылай финалда есе жіберген ҚР ТЖМ-нің ойыншылары мен Мемлекеттік күзет қызметінің екінші командасы жолықты. Қарсыласын 3:1 есебімен айқын басымдылықпен ұтқан Мемлекеттік күзет қызметінің волейболшылары, үшінші орын иеленді. Әрине, одан әрі сайыс өзінің нағыз шарықтау шегіне жетті. Себебі, ҚР ІІМ мен Мемлекеттік күзетволейбол4 қызметінің екінші командасы ақтық сында бірінші орынға таласты. Алайда, ІІМ-нің тәжірибелі ойыншылары қарсыласын бұйым құрлы көрмей, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша алтын алқа мен «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігі төрағасының Кубогы ҚР ІІМ командасының қанжығасында кетті. Сонымен қатар, ҚР ІІМ командасының волейболшысы Ғафур Әлімов «үздік ойыншы» атанды.
Турнирдің жабылу салтанатында жеңімпаз командаларға сыйлықтар табыс етіліп, барлығы естелік суретке түсті. Сондай-ақ, жарысты жіті қадағалаған барлық төрешілерге «Динамо» қоғамдық бірлестігінің атынан арнайы дипломдар берілді. Ал, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жарыс жоғары дәрежеде ұйымдастырылғаны үшін «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігі Астана филиалының жетекшісі Дәулет Темірхановқа арнайы марапат жасады.волейбол5