Еуропа кубогі

Польшада дзюдодан ерлер арасындағы Еуропа кубогі аяқталды. Бұл турнриде Қазақстан құрамасының сапында 28 спортшы өнер көрсетіп, 1 күміс медальға қол жеткізді.
Еуропа кубогі жолындағы тартыста ел қоржынындағы жалғыз медальді динамолық дзюдошы Максим Раков алып берген болатын. Татамиде 100 келіге дейінгі салмақта белдесіп жүрген жерлесіміз іріктеу кезеңінің бірінші айналымында украиналық Хутсол Данилоны тізе бүктірді. Одан кейінгі белдесуінде Хэженейдер Маккимилиянды иппонмен ұтып кетті. Қазақстандық спортшы үшінші кездесуде Уожсик Якубтен вазари ұпайымен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Қарқынынан жаңылмаған жерлесіміз жартылай финалда беларусь балуаны Свируд Микитаны иппонмен жеңіп, ақтық кезеңге шыққан. Бірақ, алтын медаль жолындағы күресте отандасымыз австриялық Фара Эронға ұтылып қалды. Осылайша ақтық кезеңде мүлт кеткен Максим Раков Еуропа кубогінің күміс жүлдесін иеленді.
Тағы бір айтарымыз, қазақстандық дзюдошылар осы наурыз айында Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен «Grand Slam» турнирінде де ел намысын қорғады. Аталмыш сынға Қазақстан атынан 14 спортшы қатысып, 90 келі салмақтағы Ислам Бозбаев алтын медаль еншілесе, қалған төрт дзюдошымыз бесінші орынды қанағат тұтты. Олар: Ғұсман Қырғызбаев (60 келі), Севара Нышанбаева (57 келі), Зере Бектасқызы (70 келі) және Альбина Амангелдиева (78 келі).