Мәулен Мамыров: «Динамо» – қазақ спортының элитасы

Мәулен Мамыров: «Динамо» – қазақ спортының элитасы - ДинамоДаңқты динамолық балуан Мәулен Мамыров қазақтың күрес өнеріне ерекше еңбек сіңірген жан. Сонау алғашқы тәуелсіздік алған қиын-қыстау заманда қазақтың көк байрағын желбіретіп, Атланта Олимпиадасында қола медаль еншілеген балуан. Мәулен Мамыров қазіргі үлкен спорттан кеткенімен, әлі күнге дейін сол спорттың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Бүгінгі таңда Алматы облысының Олимпиадалық резервтер дайындау орталығына басшылық етеді. «Динамо» ДШСҚ-ның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында біз атақты балуанмен сұхбат құрдық.

— Мәулен аға, қазір сіз Алматы облысының Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры қызметіндесіз.  Қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? Мәулен Мамыров: «Динамо» – қазақ спортының элитасы - Динамо1

Мен 2007-ші жылдан бері осы орталықтың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жайым бар. Аты айтып тұрғандай, болашақ спорттың биік шыңын бағындырып, қазақтың даңқын аспандататын спортшыларды дайындаймыз. Қазір біздің орталықта спорттың сегіз түрі бойынша тәрбиеленіп жүрген 100-ге жуық жасөспірім мен жастар бар. Барлығы – жас болса да спорт әлемінде түрлі жүлделерге қол жеткізіп үлгерген өрендер. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бүгінгі таңда Алматы облысының спортшылары ел спортына елеулі үлес қосып келеді. Осы жолда тынбай еңбек етудеміз. Спортшылармен, бапкерлермен тығыз байланыстамыз. Облыс әкімдігі тарапынан жақсы көмек көрсетіліп отырады.

Мәулен Мамыров: «Динамо» – қазақ спортының элитасы - Динамо2— Сіздер тәуелсіздік алған жылдары қазақ спортын көркейтіп, қазақты әлемге таныттыңыздар. Олимпиада жүлдесін алып бердіңіздер. Сол жылдарға бір рет көз тастап көрсеңіз? 

— Тәуелсіздік алған жылдары біз көптеген халықаралық жарыстарға жеке мемлекет ретінде қатыса бастадық. Әсіресе, есімнен кетпейтіні – 1994 жылғы Азия ойындары. Бұл бәсекеде ел қоржынына алтын медаль салып бердім. Әлі күнге дейін сол кездегі алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, біз тәуелсіз Қазақстанның атынан шаршы алаңға шықтық. Ал 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының жөні мүлде бөлек. Себебі, бұл біздің еліміздің жеке мемлекет ретінде қатысып отырған алғашқы Олимпиада ойындары еді. Әрі төрткүл дүние бас қосатын ірі жарыстың 100 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келдік. Мұндай байрақты бәсекеде қола медаль алудың өзі үлкен қуаныш еді. Қолымыздан келгенше бар күшімізді салдық. Әрине, мұндай биікке бір секіргеннен жете алмайсың. Көп жыл маңдай теріңді төгіп, еңбек етуің қажет.

— Мәулен аға, бірақ ол жылдар «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» қиын кезең болатын. Сол уақытта қолыңызды бір сілтеп, спорттан кетсем деген ой болған жоқ па? 

— Тоқсаныншы жылдардың басында елімізде небір қиыншылық болғанын бәріміз білеміз. Жұрт күнкөрістің қамымен базар жағалап кетті. Қиын кезеңді бастан өткердік. Осы тұста спорт та құлдырады. Бірақ, мен өз өмірімді спортсыз елестете алмадым. Кішкентай кезімнен бар өмірімді осы салаға арнағаннан кейін, оған деген сүйіспеншілігің ешқашан өшпейді екен. Жаттықтырушыларым мен достарым қолдау білдірді. Соның арқасында спорттан жырақ кетпей, соның қазанында қайнадым.

Кеңес уақыты тұсында Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев сынды және өзге де мықты балуандар сіздерге темірқазық болғаны анық. Одан кейін Тәуелсіздік жылдары сіздер келдіңіздер. Ал қазіргі жастар кімді үлгі тұтуы мүмкін? Бүгінгі таңда еліміздегі еркін күрестің дамуына қандай баға бересіз? 

Мәулен Мамыров: «Динамо» – қазақ спортының элитасы - Динамо3Расында да біздің алдымызда үлкен буын тұрды. Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Рамазан Нұрманов сынды атақты балуандарымызды ешқашан естен шығаруға болмайды. Бұл кісілер елімізде күрестің дамуына ерекше үлес қосқан жандар. Біз бала болсақ та, осы кісілердің есіміне қанығып өстік. Кейін интернатта оқыған кезімізде ол кісілердің шәкірттерінен үйрендік. Оларды үлгі тұттық. Біздің буында да Ислам Байрамуков сынды белгілі балуандар бар. Ал бізден кейін қазіргі ел намыс қорғап жүрген Дәурен Жұмағазиев,  Ақжүрек Таңатаров, Дәулет Ниязбеков, Расул Қалиев секілді бетке ұстар спортшыларымыз бар. Сондықтан еліміздегі еркін күрес жақсы дамып келеді деп айта аламын. Әлем және Азия чемпионатында, сондай-ақ, түрлі халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген балуандарымыз жетерлік.

Сіз еркін күрестен Олимпиада ойындарында жүлде алған алғашқы әрі жалғыз қазақ едіңіз. Құдайға шүкір, сізден кейін 16 жыл өтсе де 2012 жылы Ақжүрек Таңатаров Лондон Олимпиадасында олжа салды. Қазақ баласы қашан алтын алады?

Сұрағыңыздың ауанынан келер жылғы Бразилия Олимпиадасынан не күтеміз деген ойды аңғарып отырмын. Жақсы нәтиже күтеміз. Бәріміз спортшыларымыз алтын медаль алса деп армандаймыз. Қалай болғанда да жігіттеріміз жақсы нәтиже көрсетсе екен деп үмттенеміз.

— Сізге кезінде үлкен спорттан кететін кезде ұлттық құраманың тізгінін ұсынған екен. Неге бас тарттыңыз? 

Шынымды айтсам, маған ешкім ресми түрде ұсыныс тастаған жоқ. Тек, жекелеген адамдар ғана: «Ұлттық құрманың тізгінін ұстасаң қалай болады», — деп ойларын айтты. Алайда, ресми түрде ұсынғанның өзінде бас тартатын едім. Себебі, 20 жылға жуық спортта жүрдім. Күндіз-түні тынымсыз жаттығу жасайсың. Түрлі сайыстарға қатысып, шетте жүресің. Егер бапкер  болсаң, тура осы өмір қайталанады.

Ал қазір шәкірт тәрбиелеп жүрсіз ба?

Жоқ. Оның өзіндік сыры бар. Біріншіден, жақсы спортшының бәрінен жақсы бапкер шықпайды. Бапкерлік деген адам бойындағы ерекше бөлек қасиет. Екіншіден, бапкер болғасын спортшыны бала кезінен танып, соның қасында болуың тиіс. Жанында жүріп, бірнеше жыл жұмыс істеуің керек. Сонда ғана нәтиже береді. Ал жарты жолдан қосылып бапкер болуға мен келіспеймін.

— Дегенмен жаттығу залында кілемге шығып, жастарға өз білігіңізді үйретіп тұратын шығарсыз?

— Арасында кіріп, бар білгенімді айтқаным болмаса, былай кілемге шыға бермеймін. Себебі, боз кілемге шыққан сәтте денең қызынып, арқаланып кетесің. Бірақ, әлі күнге дейін сызы басылмаған түрлі жарақат оған мұрша бермейді. Десек те, өз дене қалпымды сақтау үшін күнде жаттығу жасап тұрамын.

Биыл «Динамо» спорт қоғамына 90 жыл толып отыр. Өзіңіз кезінде «Динамоның» сапында өнер көрсеттіңіз. Сіздің өміріңізде осы спорт қоғамының орны қаншалықты? 

— Біле білсеңіз, еліміздегі көптеген спортшылардың есімі «Динамо» спорт қоғамымен тығыз байланысты. Спортшы ретінде осы ұйымның қамқорлығын көп көрдім. Қиын-қыстау кезеңде бізді қанатының астына алып, айлығымызды төледі, әскери шенімізді берді. Қазақтың көк туын желбіретіп жүрген спортшыларды бағалай білді. Тіпті, мен «Динамо» спорт қоғамының арқасында І дәрежелі Айбын орденімен марапатталдым.

«Динамо» спорт қоғамы – қазақ спортының элитасы саналады. Қазірдің өзінде түрлі жарыстарда атой салып жүрген спортшылардың дені – «Динамоның» мүшесі. Сондықтан «Динамо» ДШСҚ-ын 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Қатары мықты спортшылармен толығып, қазақ спортының дамуына үлес қоса берсін деймін.

—         Әңгімеңізге рахмет!

Мәулен Мамыров туралы дерек

ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы. 1989 жылдан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің (Австрия, 1988) қола, Жасөспірімдер арасындағы КСРО чемпионы (Днепропетровск, 1988), КСРО жастар ойындарының (Запорожье, 1989) күміс жүлдегері, КСРО Кубогінің (Тбилиси, 1990) жеңімпазы, КСРО чемпионы (Гомель, 1990), Жастар арасындағы әлем кубогінің жеңімпазы (1990), КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері (1991), ТМД елдері чемпионатының (Мәскеу, 1992) қола жүлдегері, Азия ойындарының (Хиросима, Жапония, 1994) чемпионы, Азия Кубогі жарысының (Индонезия, 1995), Орта Азия ойындарының (Ташкент, 1995) жеңімпазы, XXVI Олимпиадалық ойындардың (АҚШ, Атланта, 1996) қола, Әлем чемпионатының (Красноярск, РФ,1997) қола жүлдегері, Орта Азия ойындарының (Алматы, 1997), Шығыс Азия ойындарының (Пусан, Корея, 1997 және Осака, Жапония, 2001), Азия (Ташкент, 1999) чемпионы болып, бірнеше дүркін Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.

Қазіргі уақытта Алматы облысының Олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры (2007 жылдан бастап).