Мерекелік велосеруен

Қыркүйек айының 21-і күні «Динамо» ДШСҚ-ның ардагер-спортшысы, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің подполковнигі Әбілтай Шайхов велосипедпен Алматы қаласынан Астана қаласына жолға шықты. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналған велосеруен «Алматы Тәуелсіздік бесігі – Ұлы дала Астана» деп аталады.  

Қарттығына қарамай өзгелерге үлгі боларлық игі іске кіріскен 74 жастағы Әбілтай ақсақалды велосеруенге шығарып салу үшін таң аптай Тәуелсіздік монументінің жанына халық көп жиналды. Олардың арасында Әбілтай Шайховтың туған-туысқандары мен немерелері, жақын достары мен кезінде бірге қызмет атқарған әріптестері, жас динамошылар бар. Аталмыш велосеруеннің басты мақсаты – қазақ елінің Тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасу жолында ардагерлердің орасан еңбек атқарғанына ел назарын аударту, салауатты өмір салтын насихаттап, қауымды спортпен шұғылдануға шақыру болып табылады.

Сапар алдында арнайы жиын өткізіп, сөз бастаған «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Алматы қаласы бойынша ҚР ҰҚК ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдумәлік Райымқұлов велосаяхатшыға ақ жол тілеп, мұндай шараның кейінгі жастарға тәрбиелік маңызы зор екеніне тоқталды. Одан кейін сөз алған Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Питаленко Әбілтайдың иығына шапан жапса, Алматы қаласы ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Асыл-Кеней замандасының бұл қадамын қуаттап, ардагерлердің ел үшін әлі де аянбай еңбек ететінін атап өтті. Ал өз кезегінде Әбілтай Шайхов өзіне қолдау білдіріп келген жұртшылыққа рахмет айтып, алғысын жеткізді.

ҚР ҰҚК ардагерлер кеңесі ұйымдастырып отырған шараға «Қоғамдық келісім» РММ, Алматы қалалық ІІО ардагерлер кеңесі, «Динамо» ДШСҚ мен «ҚР Бейбітшілік қоры» ҚҚ қолдау білдірді.

Велосеруен барысында Алматыдан Астана қаласына дейін 1225 шақырымды артқа тастайтын Әбілтай Шайхов, жол бойы Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы 20 елді-мекенді басып өтеді.