Самбоның шебері атанған жедел сақшы

1Қазақ елі самбо күресі бойынша алдыңғы елдердің бірінде тұрғаны белгілі.

Осы жылдың 25-26 қаңтар аралығында  Алматы қаласында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаев жүлдесі бойынша 2014 жылы самбодан әлемдік кубогының бірінші кезеңі болып өтті.

 Әлемнің он жеті елінен АҚШ, Германия, Румыния, Монғолия және т.б. елдерден қатысқан бұл додада 350 ең үздік самбо шеберлерінің арасында қазақстандық шеберлер де болды. 

Құрмет тұғырына 22 рет көтеріліп, 6 алтын, 5 күміс және 11 қола жүлделерін қанжығасына байлаған  жерлестеріміз жалпы командалық екінші орынға ие болды. Бірінші орынды ресейліктер алса, үшінші орын белорустарға бұйырды.

Қазақстан спортшыларының арасында әлемдік Кубок кезеңінің жүлдегерлерін Бейімбет Қанжанов (52кг), Ерболат Байбатыров (57кг), Бағдат Жарылғасов (62кг), Асылбек Алкей (74кг), Гаухар Тұрманова (52кг) және жауынгерлік самбодан Арман Оспанов (68кг) секілді азаматтарымыз иеленді.

Жалпы әлемдік самбо федерациясының әлемдік кубогының үздік спортшысы ретінде Батыс Қазақстан облысының ІІД Жедел қимылдайтын арнайы жасағының жауынгері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, самбодан 4 дүркін Әлем чемпионы Ерболат Байбатыров танылды.

Байбатыров Ерболат Сағатұлы  1986 жылы 9 шілде күні БҚО Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясынан дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығын алған ол 2012 жылы Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында білімін жалғастырады.

2009 жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2097 әскери бөлімінде жұмыс тәжірибесін бастаса, қазіргі таңда БҚО Ішкі істер департаментінде қызмет атқарады.

Әлемдік деңгейдегі жарыстарда бағын сынап, өзін мойындатқан жеңімпазға, осындай құрмет пен кезекті алтын жүлдеге ие болған батысқазақстандық полиция қызметкеріне «Хундай Акцент» су жаңа автокөлігі табыс етілді.

Қолданбалы спорт түрлеріне баса назар аударылатын  БҚО ІІД-де жеңімпазды құттықтап, ІІД бастығы тарапынан алғыс хат табыс етіліп, Ішкі істер министрі полиция генерал лейтенанты Қалмұхамбет Қасымовтың құзіретімен ведомстволық мадақтауға ұсынылды.

 Елі артқан үлкен сенімді абыроймен атқарып жүрген жерлесімізге асар асуларың биік болсын дегіміз келеді.

Асылай Губашева

БҚО ІІД баспасөз қызметі

 2 5 3