Сенбіліктегі танымал спортшылар

Қыркүйек айының соңында Елордамызда «Астана – таза қала!» атты жалпы қалалық сенбілік өтті. Астана қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тоқсан мыңға жуық адам қатысқан экологиялық игі шарадан Ұлттық Олимпиада комитеті де тыс қалмады.
Сенбілікке келген жұртшылық алдында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев: «Бәріміз де қаламызды жақсы көреміз, Елордамызды тазартуға және көркейтуге үлес қосайық. Сенбіліктер өскелең ұрпақты да, ересектерді де тазалыққа тәрбиелейді. Осылайша, біз қаламызға деген сүйіспеншілігімізді жеткізіп, патриоттық танытамыз», — деп, күзгі экологиялық айлық аясында ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, сенбілікке қатысушылардың арасында танымал қазақстандық спортшылар, грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі Федерацияларының қызметкерлері болды. Олардың ішінде даңқты динамолықтар – грек-рим күресінен Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері Георгий Цурцумия, дзюдодан Бейжің Олимпиадасының күміс медаль иегері Асқат Жіткеев және таэеквондодан Бейжің Олимпиадасында қола жүлде иеленген Арман Шылманов Астана триатлон саябағында көшеттер отырғызды.