Шағын футболдың шебері атанған кеденшілер

Қызылорда қаласында шағын футболдан өткен «Динамо» ДШСҚ ОК ІІІ жазғы салалық Спартакиадасы ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитеті спортшыларының жеңісімен аяқталды. Құқық қорғау органдары, арнайы және күштік құрылымдар арасында өткен бұл сайыс ҚР ішкі істер органдарының құрылғанына 22 жыл толуына орай ұйымдастырылған болатын.
Спартакиаданың басты жүлдесі үшін ҚР ІІМ, ҰҚҚ, ТЖМ, ІІМ-нің ішкі әскерлері, ҰҚҚ шекара қызметі, Бас прокуратура, Кеден комитеті, Қаржы полициясы, ІІМ ҚАЖК, ҚР Республикалық гвардиясы, ПКҚ, ІІМ МКҚБ ММ және ҚР Қорғаныс министрлігі сайысқа түсті.
— Республикалық спартакиада аясында шағын футбол жарысын ұйымдастырып, бір марқайып қалдық, — дейді «Динамо» ДШСҚ Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР ІІМ запастағы полковнигі Қуандық Миралиев. — Сайысты ұйымдастыру, басқару және өткізу жағын «Динамо» ДШСҚ ОК өз қолына алды. Біз спортшылар мен қатысушы өкілдерді қарсы алу, орналастыру, тасымалдау, тамақтандыру, басқа да ұйымдастырушылық мәселеде қиындық туындамауына жауапты болдық. Кездесуге кем дегенде ұлттық санаттағы біліктілігі бар сот арбитрлері төрешілік етті. Ал, сайыс өткен спорт орындары жап-жаңа. Сондықтан оларға қатысты ешқандай шағым айтылған жоқ.
Шағын футбол сайысы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңнің матчтары шағын топтар арасында өтті де, екінші кезеңге екі шағын топтың ішінен бірінші және екінші орын алған төрт үздік ұжым шықты.
Үшінші орынға таласты бәсекеде жартылай финалда жолы болмаған – ІІМ ҚАЖК және Қаржы полициясы командасы кездесті. Тартысқа толы сайыста ҚАЖК-нің спортшылары оза шапты.
Сайыстың финалы тартысты әрі есте қаларлықтай қызықты өтті. Бір қызығы – финалға шыққан қос команда бір шағын топтан суырылып шыққан және осы спартакиаданы алғаш болып ашқан командалар болатын. Ол екі топтың алғашқы ойыны 2-0 есебімен аяқталып, Кедендік бақылау комитетінің командасы ҚР ІІМ командасынан ұтылып қалды.
Дегенмен финалдың аты финал екен. Ойынға спортшылар жақсы дайындықпен келіпті. Есепті алғаш болып ҚР ІІМ командасы ашты. Кеденшілер қақпашыны ауыстырды да, бар күштерін салып, есепті теңестіріп тастады. Жеңімпазды анықтау үшін негізгі уақыт жетпей қалды, сол себепті төрешілердің қосымша уақыт қосуына тура келді. Бұл қосымша ойында да қарсыластар бір-бірінің қақпасына бір-бірден гол соғып, есепті 2:2 қылып теңестірді. Сөйтіп ойын соңы пенальтимен жалғасты.
Екі команданың ойыншылары да қобалжып, қақпашыларына сәттілік тілеп жатты. Үш соққыдан кейін ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитеті бөріктерін аспанға атып, қақпашылары Серік Аткельдиевті төбелеріне көтерді. Ойынның есебі 2:1 болып аяқталып, жеңіс кеденшілерге бұйырды.
Жеңіс тұғырына жеткенге дейін кеденшілер алты кездесу өткізген еді. Соның ішінде, ІІМ-нен 0:2 болып жеңілсе, Ұлттық гвардияны 6:2, Шекара қызметін 1:0, ҚР МКҚБ ММ-ін 5:1 есебімен жеңіп, жартылай финалда Қаржы полициясы командасын 3:2 есебімен қапы қалдырды.
— Біздің команда осымен төртінші жыл финалда өнер көрсетіп жатыр, — дедіфутбол 1 футбол 2 мақтанышпен ҚР ҚМ КБК командасының өкілі Ерлан Әлібеков. — Бұл спартакиаданың екі рет чемпионы болып, екі рет күміс жүлдені жеңіп алғанбыз. Біздің командамыздағы ойыншылар – Кедендік бақылау комитеті құрылымдарының Алматы қаласындағы чемпионаты барысында іріктеп алынған ойыншылар.
Жігіттер жарады. Ұжымның басты батырлары Ернар Қуанышев (Қарағанды облысы), Елдос Құрал (Маңғыстау облысы), Бекнұр Сыпатаев (Жамбыл облысы) болса, бүгін бұл жігіттерге қақпашы Серік Аткелдиев (Маңғыстау облысы) жеңіс алып берді.
Марапаттау салтанатында «Динамо» ДШСҚ орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов шығып, сөз сөйледі. Ол жеңімпаздар мен жүлде иелерін құттықтап, соның ішінде шараны ұйымдастырған сайыс иелеріне алғыс жаудырды.
— Жарқын әрі тартысты ойын көрсеткен спортшылардың бәріне алғыс айтамын, — деді Аасқар Омарқұлов. — Қызылорда облысының аумағына тән ауа райының ыстықтығына қарамастан, ұйымдастырушылар да, өкілдер де, қатысушылардың өздері де жеңіске деген құлшыныстың қандай болу керектігін көрсете алды.
Марапаттау рәсімін жергілікті «Динамо» ДШСҚ мен орталық кеңес басшылары өткізді. Ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтар алуды да ұмытпаған екен. Үздік үштіктің команда капитандарына кубоктар мен сәйкесінше орны көрсетілген дипломдар, медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастыру комитеті үздік ойыншыларды да марапатсыз қалдырған жоқ. Үздік ойыншылар қатарына: қақпашы Саламат Аязбай (ҚР ІІМ), қорғаушы Бағдат Исмағұлов (ҚР ІІМ МКҚБ ММ) және шабуылдаушы Елдос Құрал (ҚР ҚМ КБК) кірді.
Сондай-ақ, төрешілер мен спорттық шараны ұйымдастырушыларға да чемпионат барысында белсенділік танытқаны үшін сыйлықтар табыс етілді.
футбол 4— Турнир өте жоғары деңгейде өтті, — деді «Динамо» ДШСҚ спорт басқармасының басшысы Николай Князев. -Команда мүшелері қарсы алып, қонақ етіп, тұрғынжай мен берілген тамақтарға риза болып қайтты. Шағын футбол турнирінің өзі ерекше тартымды өтті. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, жеңіс кімге бұйыратынын матчтан кейінгі қосымша ойын ғана анықтады. Демек командалардың дайындығы мен шеберлігі жоғары деңгейді болып тұр. Төрешілердің еңбектерін де ерекше атап өткім келеді. Олар нағыз білікті маман екендерін дәлелдеді. Қатысушыларға көп-көп рақмет айтамыз. Келесі спартакиадада кездескенше.
«Динамо» ДШСҚ Қызылорда облыстық филиалы