Главная » Ардагерлер » Вениамин Солдатенко. Жорға жүрістің шебері.

Вениамин Солдатенко. Жорға жүрістің шебері.

soldҚазақстан спорт тарихының парақтарына аты алтын әріптермен жазылған спортшылардың алдыңғы шебін жеңіл атлетика бойынша КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, (50 шақырымдық спорттық жүріс бойынша) динамолық ардагер Вениамин Солдатенко бастап тұр.
В. Солдатенконың спорттағы ғұмыр тарихы мен жеңіс тұғырларына көтерілуі оңай болған жоқ. Дегенімен, ол қандай да болмасын жарыстарда өзінің өнерін тамашалап отырған жанкүйерлер қауымын риза қылмай тынбайтын. Себебі, ол ақырғы минуттарға дейін жеңіс туын көтергенше тынбай, өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеп, бар күшін, ерік-жігерін салып бағатын.
Спорттық жүріске В. Солдатенко бірден келе қойған жоқ. Бұған дейін ол ондаған спорт түрімен шұғылданып үлгерген. Оның ішінде бокс, спринтерлік қашықтыққа жүгіру, күрес, штанга көтеру, акробатика, спорттық гимнастика сияқты спорт түрлері бар.
Жеңіл атлетикадан КСРО жаттықтырушысы Анатолий Фруктов спорттық жаттығулар кезінде В. Солдатенконың алшаң қадамына көзі түсіп, оның жеңіске деген ынтасын, көздеген мақсатына талпынушылығын көріп, спорттық жорға жүріспен айналысуына кеңес берген.
1976 жыл. Қажырлы жаттығулармен екі жыл өткен еді. Кеңестер Одағының біріншілігі болып жатқан. Желаяқтар 20 шақырымдық жарыс жолына шықты. Жеңіс кімге бұйырады? Әрине, шебер, тәжірибелі, тіс қаққан спортшылардан үміт күткен ел көп еді. Дегенімен, күтпеген нәтиже, сенсация! Сөреге алғашқы болып Солдатенко жетті. Жеңіс! Оның спорттық ғұмырында қол жеткізген тұңғыш алтын медальі. Көрермендер әрі қуанып, әрі таңқалысты, ал м амандардың бірі үміт отын жақса, енді бірі абыржыды. Бұл не – кездейсоқтық па? Әрине, бәріне уақыт төреші.
soldaУақыт – ел спортына жаңа желаяқ қосылғанын дәлелдей білді. Солдатенко ең қиын деген 50 шақырымдықты да бағындыра бастады. 1969 жылы көне Грецияның әйгілі жолы – Марафон шоссесінде өткен Еуропа чемпионатында Солдатенконың жұлдызы тағы бір мәрте жанып, қола медаль еншіледі. Ал, екі жылдан соң құрлықтың бірінші желаяғы атанды.
Бұл жеңістердің бәрі оған оңай келді деп есептесек, қателескен болар едік. Өкінішті де, ренішті де сәттер аз болған жоқ.
Әрбір жеңістің артында күн сайынғы, ауыр да қиын еңбек жатқан болатын. Ол күніне 5-9 сағат тынбай жаттығулар жасайтын.
В. Солдатенко спорттағы жеңісті медальдары толыққан үстіне толыға түсті. 1976 жылы Швециядан алған Әлем чемпионатының алтын белгісі мен құрметті гүлтәжі, КСРО чемпионаттарының 7 медальі, олардың ішінде – 5 алтын, 2 қола, Еуропа чемпионаттарындағы медальдардың толық жиынтығы – алтын (1971 ж.), күміс (1978 ж.), қола (1969 ж.), Мюнхен Олимпиадасының қола медальі (1972 ж.), КСРО-да өткен 5 спартакиаданың чемпионы, басқа да халықаралық, бүкілодақтық деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы атанған В. Солдатенконың есімі 50 шақырымдық қашықтықта жүруден әлем рекордын жаңартқандар тізімінде көш бастап тұр.
SoldatenkoҮлкен спортпен қош айтысқан Вениамин Солдатенко ұзақ уақыт бойы Қазақстан Республикасы «Динамо» кеңесінің жеңіл атлетика мен гимнастикадан оқу-спорт бөлімін басқарды. Сондай-ақ, республикамызда аталған спорт түрінің дамуына өз үлесін қосты. Ол Ішкі істер қызметінің подполковнигі атағымен құрметті еңбек демалысына кетті, сонда да ұзақ жылғы жинақталған тәжірибелерін жас буын спортшылармен, жаттықтырушылармен бөлісуді ешқашан ұмытқан жоқ.
Спортқа сіңген ерен еңбегі үшін Венимин Солдатенко үкімет тарапынан бірнеше мәрте марапатқа ие болды. Олардың ішінде «Құрмет белгісі» ордені, Қазақ КСР Жоғары кеңесі Президиумының грамоталары, «Тың және тыңайған жерлерді игеруге қосқан үлесі үшін» медальі, «Еңбек ардагері» медалі бар.

x

Check Also

Майданда мойымаған ардагер

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда толарсақтан саз кешкен Петр Павлович Вербицкийдің ерлігін ...