Жас динамошылардың жеңісі

Жас динамошылардың жеңісі
Жас динамошылардың жеңісі

Қаңтар айының 6-сы күні М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының акт залында Алматы футбол федерациясының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Сонымен қатар мерекелік шара барысында Алматы қаласы бойынша балалар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың жеңімпаздары марапатталды.

Алматы футбол федерациясы балалар мен жасөспірімдер арасында футболды кеңінен насихаттап, оны дамыту жолында ерен еңбек сіңіруде. Сондықтан 2011 жылдан бері балалар мен жасөспірімдер клубтарының арасында қалалық чемпионат ұйымдастырып келеді. Онда балалар жас ерекшеліктеріне орай жеті топқа бөлінген.

Бұл чемпионатқа 1999 жылы дүниеге келген жас өрендер арасында «Динамо» футбол клубы да қатысқан болатын. Айдос Кашкеев жаттықтыратын жас аяқ доп шеберлері осы топта өнер көрсеткен сегіз команданың ішінде жақсы нәтиже көрсетіп, үшінші орын иеленді. Барлығы 14 ойын өткізген динамолықтар 10 ойында жеңіске жетсе, 3 ойында жеңілістің ащы дәмін татты, 1 ойында тең түсті. Жалпы есепте 31 ұпай жинады. Республикалық спорт колледжінің командасы бірінші, ЦСКА ойыншылары екінші орын алды. Жас динамошылардың бұл жеңісі, біз үшін үлкен қуаныш. Себебі, бұл бәсекеде динамолық өрендер азулы деген «Қайрат» командасынан басып түсіп, жүлдеге ілікті.Жас динамошылардың жеңісі

Чемпионаттың марапаттау рәсімінен кейін газетімізге арнайы сұхбат берген «Динамо» клубының аға бапкері Айдос Кашкеев, шәкірттері көрсеткен нәтижеге көңілі толатындығын жеткізді.

– Айдос мырза, жалпы чемпионат қандай деңгейде өтті деп ойлайсыз?
– Менің ойымша балалар мен жасөспірімдер арасындағы қалалық чемпионаты өте жоғары деңгейде ұймдастырылды. Әсіресе, Алматы футбол федерациясына алғысымыз шексіз. Осы жолы біздің футболшылар ең мықты саналатын «Қайрат» командасынан басым түсті. Ал Республикалық спорт колледжінің бірінші орын алуы тегіннен-тегін емес. Оны белгілі бапкер Василий Маруняк жаттықтырады. Мүмкіндігі зор базалық команда болып саналады. Енді екінші орын иеленген ЦСКА командасына тоқталсақ, біз оларға тек бір ұпай ғана есе жібердік. Олар 32 ұпай еншілесе, біздің динамолық ойыншылар 31 ұпай жинады. Жалпы алғанда шәкірттерімнің ойын өрнегіне ризамын. Біздің осындай жетістікке жетуімізге «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов көп септігін тигізді. Жаттығу жасауымызға мүмкіндік туғызып, әрқашан қолдау білдіріп отырды.

– «Динамо» футбол командасында қанша ойыншы бар және болашағынан үміт күттіретін жастарды айта аласыз ба?
– Біздің қатарымызда 23 ойыншы бар. Әрине, әрқайсысының шамасы, дайындығы әрқалай ғой. Бірақ 2014 жылғы қалалық чемпионат барысында олардың әрқайсысы өзін көрсетуге мүмкіндік алды. Ерекше кімдерді атап өтесің деген сұраққа келсек, ешкімді бөліп-жарып айтқым келмейді. Дегенмен, Сұлтанали Аманбай, Влад Миченков және Санжар Ақтаев сынды жас футболшылардың аяқ алысы жақсы. Өзге ойыншылар да жақсы еңбектеніп жүр. Сонымен қатар, жеке себептерге байланысты қатардан шығап жатқан спортшылар бар. Олардың орнына кейбір жас ойыншыларды қабылдап жатырмыз.

Жас динамошылардың жеңісі– Қазір қай жерде жаттығу өткізіп жүрсіздер?
– Қыс мезгілі болғаннан кейін далада жаттығу өткізу қиындау болады. Сондықтан балалар қазір жабық алаңда дайындалып жүр. Аптасына үш рет жаттығу өткіземіз. Осы ретте тағы да айтып өтерім – «Динамо» спорт қоғамының басшылығына алғысымыз шексіз. Әрқашан бізге көңіл бөліп отырғаны үшін рахмет айтамыз!