ЖІГЕРЛІ ЖАСТЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

Күллі қазақ елі тақымын қысып, тілеуін тілеген Денис Тен ел үмітін абыроймен ақтап, мерейімізді асқақтатты. Сочидегі ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан үшінші орын иеленіп, қола медальға қол жеткізді. Бұл қазақтың қысқы олимпиада ойындарының тарихындағы елеулі оқиға, алтынға бергісіз қола жүлде. Ал байрақты бәсекеден кейін журналистермен кездескен Денис Тен: «Маған Қазақстан халқы сенім артып отырғанда, жүлдесіз қалуым кешірілмес қателік болар еді» — деп, ағынан ақтарылды.

денис тен

Сочидегі Қазақ үйінің шаңырағында өткен  бұл кездесуде ҚР Спорт және денешынықтыру  жөніндегі агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев ең әуелі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып шықты. Онда: «Біз бәріміз әлемнің ең үздік мәнерлеп сырғанаушылары арасындағы тартысты бәсекеге ұласқан мұз айдынындағы сенің өнеріңді демімізді ішке тарта отырып бақылаумен болдық. Сен біздің үмітімізді ақтап, еліміздің тарихында алғаш рет спорттың осы түрінен олимпиадалық награданы жеңіп алдың,» — делінген. Жеделхаттың соңында Мемлекет басшысы Денис Тенге зор денсаулық және спорт саласында жаңа табыстар тіледі. Сол бір қуанышты сәтті еске ала кетсек, Денис Тен жарыс жолына шықпас бұрын жарақаттанып қалған, бірақ соған қарамастан бар күш жігерін жинап, тамаша өнер көрсеткен өрен тұғырдың үшінші сатасына көтерілді. Денис Теннің өнерін өз көзімен көрген сарапшылар оның қола жүлдесі алтын медальдан да артық деп бағалап жатты. Себебі, оның бас қарлыстары канадалық  Патрик Чан мен жапониялық спортшы  Юдзюку Ханю екі реттен  мұз айдынында  құлап тұрса да, төрешілер екеуіне жоғары баға беріп, жапон спортшысына бірінші, канадалыққа екінші орынды тарту етті. Ал біздің Денис өз бағдарламасын мінсіз, таза орындап алтын жүлдеге нағыз лайықты спортшы екендігін айқын дәлелдеген еді. Керек десеңіз, Денистің таңдай қақтырар өнеріне тәнті болған Ресейдің әйгілі жаттықтықтушысы Татьяна Тарасованың өзі оған арнайы келіп, қолын қысып тұрып: «Сен чемпионсың» — деп, ризашылығын білдіріп кетіпті. Ия, атағы жер жарған бапкердің осындай баға беруі, әрине қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Тіпті, кешкісін Олимпиада алаңындағы жүлдегерлерді  марапаттау кезінде ресейлік жанкүйерлердің «Денис – чемпион!» айғайлап жатқан өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естідік. Бұл спортшымыздың бойындағы бұлқынған жігер мен қайнаған намыстың бар екенін көрсетеді. Себебі, қысқа бағдарлама бойынша тек 9-шы орынды қанағат тұтқан жерлесіміз, жүлдеге ілігу үшін еркін бағдарламаны мейлінше мүлтіксіз орындап, нәтижесінде 255,10 ұпайға ие болды. Сөйтіп, Хавьер Фернандез, Татсуки Машида, Дайсуке Такахаси секілді тәжірибесі толысқан шеберлердің алдын орады. Тағы бір жерлесіміз Абзал Рақымғалиев 22-орынды қанағат тұтты. Ал, алтынды жапониялық спортшы Юдзуру Ханю жеңіп алса, күміс жүлдеге Патрик Чан  ие болды.

         Жарыс жолындағы өзге де спортшыларымыз жайында айтар болсақ, конькимен жүгіруден ақпанның 15 күні сайысқа шыққан Денис Кузин  1500 метрлік қашықтыққа жүгіру сайысына  шығып, 9 орынды қанағат етті. Сондай-ақ осы жарыс қортындысы бойынша жерлестеріміз Дмитрий Бабенко – 10 орын, Федор Мизинцев — 14-ші, Александр Жигин 15 орынды бөлісті. Сонымен қатар, шорт-тректен 1500 метрлік қашықтыққа жүгіруден  әйелдер арасында ел намысын қорғаған Инна Симонова төменгі нәтиже көрсетіп, жартылай финалға өте алмай қалды. Ақпанның 16-сы күні тау щаңғысы, шаңғы жарысы және конькимен жүгіруден қазақстандық спортшылар сынға түсті. Ерлер арасындағы тау шаңғысы спортынан «супер гигант» бәсекесі бойынша Дмитрий Кошкин 31 орында болса, Игорь Закрдаев  пен Хубер Мартиндер 41-ші және 44-ші орындарды иеленді.

Айта  кетсек, динамолықтардың осы Сочи олимпиадасындағы көрсетіп жатқан өнерлері  бас жүлде әкелмесе де, нәтижелері өте жоғары деп баға беруге болады. Әрине, ұзақ жылдық тарихы бар Динамо қоғамында әлемдік, олимпиадалық және еуропалық дүбірлі жарыстарда  ел намысын қаншама тарланбоз спортшыларымыз абыроймен қорғағанын жақсы білемез. Терең тарихы бар Динамо қоғамының қазіргі жарық жұлдыздары сол артына сара жол қалдырған үлкен мектептің үлесі екенінде дау тумас.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

 Сочиден арнайы «Динамо жаршысы»  

газеті үшін хабарлайды.