Қайта құлпырған спорт кешені

Тамыз айының соңында Тараз қаласында қайта жөндеуден өткен «Динамо» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл шараға облыс жетекшілері, Ішкі істер органдарының жетекшілері мен жеке құрамы, ардагерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

Динамолықтарды спорт кешенінің ашылуымен құттықтаған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев сақшылардың әрқашан физикалық тұрғыдан дайын болу керектігін, ол үшін барлық жағдай жасалғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар сөзінің соңында волейбол мен футболдан жарыс жолына шығып жатқан командаларға сәттілік тіледі.

Ал облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Т. Маткенов динамолық қозғалыс еліміздегі дене тәрбиесі мен спорт дамуының негізгі қайнар көзі екені атап өтті. Айта кетсек, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарында Қазақстан құрама командасы 17 медаль еншілесе, оның 16 медалін динамолық спортшылар иеленді. Оның ішінде Олимпиада ойындарының күміс медалін олжалаған тараздық Елдос Сметов бар.

Атқарылған игі істің арқасында жеке құрам әлемдік стандартқа сәйкес келетін волейбол және футбол алаңдарында жаттығу өткізуге мүмкіндік алып отыр.  Сондай-ақ, сақшылар су спорты түрлерімен шұғылдану үшін арнайы бассейн ашылды.

Салтанатты шараның ашылуынан соң Жамбыл облысы ІІД мен ОҚО ІІД командалары волейбол және шағын футболдан жолдастық кездесу өткізді.