Нанкин Олимпиадасында топ жарған өрендер

450_53f08a05298d5Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында динамолық дзюдошы Бауыржан Жауынтаев алтыннан алқа тағынды. Бұл осы байрақты бәсекеде Қазақстан қоржынына түсіп тұрған алғашқы медаль. Өрімдей өреніміздің Нанкин төріндегі айқын жеңісі – қазақ спортына сүбелі үлес қосатын тағы бір саңлақ келе жатқанын білдіреді.
2013 жылы АҚШ-тың Майами қаласындағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль еншілеп, Максим Раков, Елдос Сметов сынды ағаларының ізін қуатын спортшы екенін дәлелдеген Бауыржан Жауынтаев, осы жолы да мүлт кетпеді. 55 келі салмақта белдескен балуанымыз қазақтың мерейін асырып, Қытай төрінде көк туымызды желбіретті. Айта кетейік, спортшымыз 2013 жылғы жетістігінің арқасында Нанкин татамиындағы белдесуін жартылай финалдан бастады. Осы тартыста түріктің жас балуаны Огузан Каракамен белдесті. Түркиялық балуанды ұпай санымен ұтқан жерлесіміз, ақтық кезеңде әзірбайжандық Натиг Гурбанлимен татамиға шықты. Белдесу ақталуға жақын қалғанда жерлесіміз қарсыласын аяғынан шалып, таза жеңіске жетемін деген еді. Алайда, әзірбайжандық балуан татамиге арқасының жартысымен түскендіктен төрешілер Бауыржанға бір ұпай(юко) берді. Қазақ балуаны осы ұпайды кездесу соңына дейін сақтап, чемпион атанды.
Байрақты бәсекеде ел қоржынына алғашқы әрі алтын медальді салып бергенphoto_41251 Бауыржан Жауынтаевтың ерлігі, отандық спорт тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Финалдық сайыстан соң ентігін баса алмай тұрып «аламан.kz» сайтына сұхбат берген ол: «Жеңіске жету оңай болған жоқ. Әлемнен іріктелген тек сегіз спортшы қатыстық. Соларды ұтып чемпион болу мен үшін үлкен жетістік. Бапкеріме мың алғыс айтамын. Енді алдағы ересектер арасындағы олимпиада ойындарында жеңіске жету үшін барымды саламын», — деп қуанышымен бөлісті. Оның сөзін нығырлай түскен бапкері Қален Қалиұлы, еңбектерінің еш кетпегенін айта келіп: «Ол өз салмағындағы ең мықтылармен кездесті. Және ол былтыр әлем чемпионатын ұтқандықтан, бүгін соны дәлелдей алмай қаламын ба деген қобалжу да болды» деді.
Cондай-ақ, 77 келі салмақтағы ауыр атлетші Жасұлан Қалиев қола жүлде еншіледі. Ол екі жаттығу қорытындысы бойынша 310 келі салмақты басынан асыра көтерді. 15 жастағы Татьяна Капустина да ел қордынын бір қола медальмен толтырды. 63 келі салмақта сынға түскен зілтемірші қызымыз, барлығы 228 келі салмақты бағындырды. Сондай-ақ, грек-рим күресінен Евгений Поливадов үшінші орын иеленді. Сонымен әзірге ел жоржынында 1 алтын және 3 қола медаль бар. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түседі деген сенімдеміз.
Айта кетейік, Нанкин Олимпиадасында әлемнің 200-ге жуық елінен жиналған 14 пен 18 жас аралығындағы 3700-ден астам спортшылар қатысып жатыр. Ал, елімізден оған 51 спортшы аттанған болатын.
2010 жылы Сингапурда өткен жасөспірімдер арасындағы І жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан жеткіншектері алты медаль (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) олжалап, жалпы командалық есепте 24-ші орынға жайғасты. Нанкинде ел намысын қорғайтын спортшыларға 3 алтын, 3 күміс, 9 қола медаль жеңіп алу мақсаты қойылып отыр.