Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ер азаматтармен бірге табысты қызмет атқарып жүрген нәзік жандылар қауымы жетерлік. Олар ерлермен бірге талай сындарлы сәтте ауыр жүкті бірге көтерісіп келеді. Біздегі қызмет бабындағы қыз-келіншектер үздіктер қатарын табылып қана қоймай, отбасының ұйытқысы, жұбайының сүйіктісі және балаларының қамқоршы анасы бола біледі. Сондай жандардың бірі ретінде Батыс Қазақстан облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті РУ-170/1 мекемесінде 20 жыл бойы қалтқысыз қызмет атқарып келе жатқан Татьяна Дергунованы айта аламыз.
Әділет прапорщигі Татьяна Александрқызы қазіргі таңда заңды еңбек демалысына шыққанымен біздің мекемедегі қызметін әлі күнге дейін жалғастырып, тsнымсыз еңбек етуде. Сонау 90-шы жылдардың ортасында оны тағдырдың өзі осы мекемеге кездейсоқ алып келгенімен, өз ісін шыр көбелек айналдырып кететін кейіпкеріміз талай асуды бағындыра алды. Осы жылдар аралығында біліктілігі мен іскерлігінің арқасында Ішкі істер министрлігі мен мекеме басшыларының көзіне түсіп, 35 мәрте түрлі деңгейдегі мақтаулармен марапатталды. Оның ішінде ІІМ мен Әділет министрлігінің алғыс хаты, «І дәржелі Тәлімгер-маман» және ІІ дәржелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалі бар.
Батыс Қазақстан облысы ҚАЖ мекемесіндегі тәжірибелі қызметкерлердің бірі болып табылатын Татьяна Александрқызы бар күшін жұмысқа арнай отырып керемет спортшы, байдарка мен каноэ есуден көптеген жарыстардың чемпионы әрі Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алексей Дергуновты тәрбиелеп өсірді. Алып анадан туады дегендей, қазіргі таңда елемізде ескек есу спортынан белді спортшы саналатын Алексей ұлттық құраманың мүшесі. Сонымен қатар, ол – 2008 жылы Пекин қаласында өткен XXIX жазғы Олимпиадалық ойындарында Қазақстанның намысын қорғаған спортшы, 2010 жылы Қытайдың Гуанджау қаласында өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2011 жылғы Азия чемпионы, 2013 жылы әлем кубогінің иегері.
Байдарка мен каноэде ескек есу – 100 жылдан астам тарихы бар спорт түрі. Ал байдарка есу спорты Орал қаласында жақсы дамыған. 1996 жылы анасы оны ағасымен бірге осы спортқа алып келген. Ол өзінің спортқа деген икемімен, сонымен бірге анасының қолғабысы мен шексіз мейрімге толы тәрбиесінің арқасында көптеген биік шыңдарды бағындыра білді: 2007 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жүлдегер, 2008 жылы Жапонияда өткен лицензиялық Азия чемпионатының алтын медаль иегері, 2008 жылы Пекин қаласында өткен XXIX жазғы Олимпиада ойындарының жартылай финалисті, 2010 жылы Қытайдың Гуанджау қаласында өткен жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Сондай-ақ, 2013 жылы Самарқандта өткен Азия чемпионатында А. Дергуновтың қатысуымен командасы 3 алтын медальға ие болды.
Татьяна өз сөзінде дүниедегі ең жақын адамының, яғни бауыр еті баласының әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарына, Олимпиада және Азия ойындарына қатысқанын көзбен көрген сәтте аналық көңілі марқайып, ерекше күйге енетінін айтады. Татьяна елінің даңқын асырып жүрген ұлын мақтан тұтады, оның әр жеңісіне көзіне жас алып қуанады. Тек, ұлының спорттағы дайындық кестесінің тығыздығына сәйкес онымен сирек кездесетініне қынжылады екен.
Сонымен қатар, 2008 жылы оның өмірінде екі бірдей әсерлі жағдайдың орын алғаны тағы бар. Оның бірі – Алексей Пекин қаласындағы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алса, сол жылдың қараша айында немересі Иветта дүние есігін ашады. Ал, артынша 2010 жылы Никон атты немересі дүниеге келгенде Татьянаның қуанышы еселеніп, отбасына тағы бір ырыс-құт келіп қосылған еді.
Үлкен ұлы Александр мектеп бітірген соң Ресейдегі Саратов құрылыс техникумына оқуға түсіп, сырттай бөлімнен экономика мамандығы бойынша диплом алады. Қазіргі уақытта ол ПК Балтика АҚ төрағасының сату тобының бастығы болып жұмыс атқарады. Үйленген, бір ұлы бар.
Татьянаның ері Панычев Александр Дмитриевич әскери міндетін атқарып келген соң, 1982 жылы ішкі істер органына жұмысқа тұрады. Жұмысын айдауыл қызметінің милиционері және УҰИ күзетшісі болудан бастаған. Ол 1986 жылы Алматы қалалық КСРО ІІМ ССШМ бітірген. Учаскелік инспектор, ІІБ-нің бөлім тергеушісі, анықтау органының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі лауазымында жұмыс атқарған. 2008 жылы РІІБ-нің жедел жұмысы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі атағымен еңбек демалысына шыққан. Қазіргі күнде «Semser-Security» ЖШС-нің инспекторы қызметінде жұмысын жалғастыруда.
Татьяна Александрқызы өзін бақытты әйелмін деп санайды, оның өте керемет жанұясы мен биік-белестерден көрініп, сәттілікке қол жеткізген ұлдары мен немерелері бар. Татьяна сынды білікті қызметкерлер өзінің жұмыс тәжірибесін жас қызметкерлерге үйретіп, бар білгенімен бөлісіп отырады. Сол үшін оларға алғысымыз шексіз!