Наурыздың 29-ы мен сәуірдің 2-сі аралығында Финляндияның Хельсинки қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өтеді. Хартвал Арена сарайында жалауын көтеретін байрақты бәсекеде әлемнің мықты деген спортшылар бақ сынайды. Олардың арасында динамолық спортшылар – Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева бар.
Бес күнге созылатын сайыста әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылары мұз айдынына шығып, төрткүл дүниені таңдай қақтыратыны сөзсіз. Осы ретте біз жерлесіміз Денис Тенге көп үміт артамыз. 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында қола жүлде алған жерлесіміз бұған дейінгі әлем біріншіліктерінде де жасындай жарқырап, жүлдеге іліккен болатын. Ол 2013 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатында күміс медаль иеленсе, 2015 жылы Шанхайдағы әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, 2015 жылы Сеулде өткен төрт құрлық чемпионатында алтын медаль олжалады. Әрине, биылғы жыл Денис Тен үшін табыспен басталды. Жерлесіміз Алматы қаласында өткен қысқы Универсиада ойындарында бірінші орыннан көрінді. Дегенмен, іле-шала Саппородағы қысқы Азия ойындарында жүлдеге іліге алмады. Ал, болашағынан үміт күттіріп жүрген спортшымыз Элизабет Тұрсынбаева да талай әлемдік додаларға қатысып, топ жарып жүр. Мысалы, ол 2016 жылғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарының және биылғы қысқы Азия ойындарының қола жүлдесін иеленген.
Әлемдік доданың дүлділдері
- 27 марта, 2017
- 11:20 дп