Қазақ елі ұлыстың ұлы күні Әз-наурыз мерекесін бір ай бойы тойлайтыны баршамызға мәлім. Жыл басы наурыз мерекесін қуанышты сән-салтанатпен атап өту әрбір мекеме орындарында жоғары көңіл күймен жалғасып келеді. Жақында Қазақстанның атын әлемге шығарып жүрген қаншама спортшыларды тәрбиелеп, оларды дүбірлі додаларға қосып келген «Динамо» спорт қоғамы Наурыз мерекесін үлкен той-думанмен қарсы алды.
Әз-наурыз мерекесін қарсы алуға еліміздің қоғам қайраткерлі, танымал жазушылар, белгілі спорт саңлақтарымен қатар эстрада жұлдыздары келіп, қуаныштарын көппен бірге бөлісті. Әсіресе, жылбасы Наурызды қарсы алуға Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері белсенді атсалысып, «Динамо» стадионында театрландырылған көріністер қойды. Жалынды жастардың бұл сыйына жиналғандар дән риза болды. Толассыз нөсерлеткен жаңбыр да халықтың көңіл-күйіне еш әсерін тигізе алмады.
Қаз-қатар тігілген киіз үйлердің ішінен дамбыраның қоңыр дауысы естіліп, жүректі тербетер ән мен жыр шырқалды. Елімізге белгілі өнер жұлдыздары себелеген жауынды еш елемей, халыққа сүйікті әдерін тарту етіп жатты. Осындай мерекелік той-думанды елге сый еткен «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов:
— Наурыз – жыл басы. Осынау ұлық күн елімізге құт-береке әкелсін. Жылқы төрт түлік малдың ішіндегі қасиеттісі, сондықтан да есіктен кірген жылқы жылында қорамыз малға толып, еліміз берекелі өмір сүрсін. Ынтымақ, бірлік болсын деген ниетпен осындай мерекені ұйымдастырып отырмыз, — деп ағынан ақтарылды.
Наурыз мерекесі жеті дәмнен құралған наурыз көжесіз өтпейтініні белгілі. «Динамо» стадионында өткен думанды мерекеде «Керемет» дәмханасының ұжымы дайындап алып келген тіл үйірер балдай тәтті наурыз көжені татқан жиылған қауым рахметтерін айтып жатса, ақсақалдар ақ баталарын айтып, елімізге жақсылық тіледі.
Ия, бұл мерекенің өмірімізде алар орны ерекше. Бабаларымыз қаһарлы қыстан аман-есен көктемге жеткеніндеріне тәубе етіп, Наурыз мерекесін атап өтетін болғаны тарихтан аян. Бір-бірінің амандығын сұрап, көрісіп тұрып: «Ақ мол болсын, Наурыз құтты болсын!» — деп тілек айтқан. Сонымен қатар, бұл мерекеде бірі-біріне өкпелеген жан қайта қауышып, бір-бірінен кешірім сұрап жатады. Міне,Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің айырықша мереке болып саналатыны осында жатса керек.
Осылайша таң ертеңнен басталған той-думан күн еңкейе аяқталып, халық үлкен әсермен үйлеріне тарқасты.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
Қош келдің, Наурыз!
- 11 мая, 2014
- 8:04 дп