2019 жылдың 31 мамырында Алмагүл ықшам ауданындағы №34 көпсалалы мектеп гимназиясының алаңында Атырау облыстық ПД-і мен Динамо ДШСҚ-ның ұйымдастыруымен «Ұлы дала сақшылары жобасы» аясында 1 маусым балаларды қорғау күніне орай кіші аяқ доптан жас динамошылар арасында турнир өтті.
Жарысқа №34 көп салалы мектеп гимназиясы, №22 мектеп және Ұлттық гимназия оқушылары барлығы 5 команда бақ сынасты. Олар: Батыс, Достық, Бірлік, Жас қыран, Намыс. Жарыстың салтанатты ашылуында Полиция департаментінің қызметкерлері, «Динамо» ДШСҚ-ның Атырау облысы филиалындағы төрағаның бірінші орынбасары Есенгалиев Хайдар, Мектеп директоры Хуандыкова Орынгуль Хаджыгалиевна мен ұстаздары келген қонақтар мен балаларды жарқын мерекемен құттықтады. Турнирге қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Ойын өте қызықты әрі әділ өтті. Алғашқы болып ойын есебін Есенгелді Кенен ашты. Бәрінен оза шауып, бірінші орынды №34 мектеп гимназиясы оқушыларынан құралған «Достық» командасы иеленсе, екінші орын № 22 мектептің «Жасқыран» құрама командасына бұйырды. Ал үшінші орынды Ұлттық гимназияның «Батыс» командасы еншіледі. Турнир қорытындысы бойынша Алдасбеков Бейбарыс – «Үздік ойыншы» деп танылса, Сайын Дамир – «Үздік қақпашы» атанды. Жарыс соңында Атырау облыстық Жергілікті полиция басқармасының полковнигі А. Азимов балаларды диплом, медальдармен және Динамо ДШСҚ-ның Атырау облыстық филиалының дипломы, медалі және сыйлықтарымен марапаттады.