Жамбыл облысы ПД Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай футболдан турнир ұйымдастырды

Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толуына орай Жамбыл облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары қызметкерлері арасында футболдан турнир өтті. Бұл туралы өзінің фейсбуктегі парақшасында полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин хабарлады.

«Динамо» спорт кешенінің футбол алаңына жарысқа қатысу үшін 11 команда шықты.
— Тартысқа толы турнир қызықты әрі жоғары деңгейде өтті. Мұндай ойындарда тек жеңіс қана емес, достық қарым-қатынасты нығайту да маңызды. Жолдастық кездесулер ұжымдық рухты нығайтып, әріптестер арасында ұйымшылдықты арттырады, — деп атап өтті Арманбек Хакимбекұлы.

Турнир қорытындысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің командасы жеңіске жетсе, екінші орынға Полиция департаментінің командасы, үшінші орынға Төтенше жағдайлар департаментінің құрама командасы ие болды. Сонымен қатар, ерекше көзге түскен ойыншылар да марапатталды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздардың сыйлықтарын қазақстандық футбол жұлдыздары Самат Смақов пен Давид Лория табыс етті.

Спорт – денсаулық кепілі деген. Осы мақсатта және салауатты өмір салтын насихаттау үшін Полиция департаментінде спорттық іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. ПД бастығы онда белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген барлық қызметкерлерге алғыс білдірді.

Серіктестер
Видео