«Динамо» спорт қоғамының жаңа төрағасы сайланды

Ішкі істер министрлігінде «Динамо «дене шынықтыру-спорт қоғамы»қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс конференциясы өтті. Негізгі тақырып ұйымның жаңа төрағасын сайлау болды. Бірауыздан қабылданған шешіммен қоғамдық бірлестіктің төрағасы болып Марат Ахметжанов сайланды. «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы Президиумының құрамында да өзгерістер болды. Оған жаңа төрағаны қоса алғанда, ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов және қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов кірді.
«Биылғы жылды Мемлекет басшысы «балалар жылы»деп жариялады. Осыған байланысты біз бұқаралық балалар мен жасөспірімдер спортын ілгерілетуді одан әрі нығайтуымыз, ардагерлер мен күш құрылымдарының өкілдерін тарта отырып, спорттық жарыстар өткізуіміз, «Жас Динамо» Жастар қозғалысының жұмысын жандандыруымыз қажет»,-деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Конференция барысында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов өткен жылдың жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Кездесу соңында Төралқа мүшелері 2022 жылға арналған негізгі міндеттерді анықтады. «Динамо» қызметі бұқаралық спортты, дене шынықтыру-спорттық қозғалысты, жастарды тәрбиелеуді дамытумен байланысты бірегей спорт ұйымы болып табылады.