Жамбылдық полицейлер оқушылар арасында жүзуден жарыс ұйымдастырды

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласында оқушылар мен студенттер арасында жүзуден жарыс ұйымдастырды.

Спорттық іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ және «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Аталмыш жарысқа  Тараз қаласының 13 мектебінің оқушылары мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттері қатысты.

⁃»Жастар есірткіге қарсы» тақырыбына өткізілген жарыстың мақсаты — оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауында  синтетикалық есірткінің ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. Президенттің тапсырмаларына сәйкес нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленді, — деді Жамбыл облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының  бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.

Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында бірінші орынды Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті  Ілияс Күнболатов, екінші орынды Амангелді атындағы орта мектебінің оқушысы Кәрібай Ерсұлтан, үшінші орынды Айша бибі атындағы орта мектебінің оқушысы Мейрамбек Әділет иеленді.

Қыздар арасында бірінші орынды 43 орта мектебінің оқушысы Жексенбай Ақүміт, екінші орынды Айша бибі атындағы орта мектебінің оқушысы Жақсылық Әдемі, үшінші  орынды 49 орта мектебінің  оқушысы Сайып Сабина иеленді. Жеңімпаздарға дипломдар, медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.