Бокстан Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, динамолық спортшы Данияр Елеусінов «Алтын жүрек – 2016» сыйлығына ұсынылып отыр. Бұл туралы «Бауыржан» қайырымдылық қорының ресми өкілі Айнұр Сәлімбаева хабарлады.
Бұған дейін Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мүгедек балаларға жәрдем ететін «Бәйтерек» қорына 10 млн теңге аударған болатын. Ал Айнұр Сәлімбаеваның айтуынша, спортшыны Батыс Қазақстан облысындағы «Бәйтерек» мүгедек балалардың ата-аналар қауымдастығы ұсынып отырған көрінеді.
«Алтын жүрек – 2016» сыйлығы иегерлерінің есімі 27-ші қазанда анықталады. Мейірімді жандарды марапаттау шарасы елімізде 9-шы жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Оның ережесі бойынша «Бауыржан» қайырымдылық қоры жыл бойы жан жылуын аямаған қайырымды жандарды іздейді. Жыл сайын аталған сыйлық 11 аталым бойынша беріледі. Оның ішінде «білімді қолдағаны үшін», «жетім балаларға көмектескені үшін», «спортты дамытуды қолдағаны үшін» сынды аталымдар бар.