Динамолық ардагер 85 жасқа толды

DSC_0023Елімізде грек-рим күресінің негізін қалаған  ардагер спортшы, грек-рим күресінен 57 және 62 кг салмақтарда Қазақстан біріншлігінің бірнеше дүркін чемпионы, СССР спорт шебері, СССР-ге еңбегі сіңген денешынықтыру және спорт қайраткері, Қазақстанға еңбегі сіңген денешынықтыру және спорт қайраткері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Петр Кукушкин 85 жасқа толып отыр.

Қазақстанның атын әлемге танытқан, көптеген спортшыны жаттықтырған даңқты  балуанның мерейтойына еліміздегі грек-рим күресінен танымал бірқатар ардагер споршылар арнайы келіп, қарт балуанды салтанатпен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Мерейтой иесін құттықтай келген меймандар арасында грек-рим күресінен КСРО құрамасының жаттықтырушы болған, Қазақстанның атын жаһанға танытқан апайтөс балуандарды жаттықтырған Вадим Писарев, аты әлемге әйгілі, олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем және КСРО біріншілігінің 7 дүркін жеңімпазы Дәулет Тұрлыханов, ардагер балуан Жақсыбай Базылбаев, Сейілхан Тілешов секілді  классикалық күрестің майын ішіп, жілігін шаққан майталмандар да бар. Олар өздерінің  шын жүректен ықыластарын білдіріп, ақшалай сыйлықтарын табыстап жатты.

Сонымен бірге құттықтаушылардың арасында қалалық спорт басқармасы мен ұлттық олимпиадалық комитетінің өкілдері болып, ардагер балуанға құрмет жасады.

Кеңес Одағы тұсында елімізде көптеген спорт қоғамдары болғаны есімізде. Сол спорт қоғамдарының арасынан бүінге ентікпей жетіп, жетістіктерімен елімізді қуантып жатқан «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы екендігін мақтана айтамыз. Петр Кузмич спорттағы бар жетістіктерінің барлығын осы «Динамо» ДШСҚ қатарында жүргенде көре білген жан. Сондықтан да ардагер балуан өзін динамолықпен деп санайды.

Апайтөс балуан, білгір бапкердің 85 жылдық мерекелі туған күнімен құттықтауда «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы да тыс қалмады. Аталған спорт қоғамы атынан  арнайы келген  Спорт басқарамасының бастығы Князев Николай Дмитривич, ардагерді құттықтап, еліміздің спортына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар бағалы сыйлықтарды табыс етіп, «Динамо» спорт қоғамының медальімен марпаттады.

Мерейтой иесі жайлы тілек білдіргендердің көпшілігі: «Бұл кісі өмірге сондай  құштар, сұлулыққа  жаны қатты құмар», -деп әзілдеп жатты. Ия ардақты да құрметті балуанның  расымен де жаны сұлу адам болған соң болар, 80-нің бесеуіне келіп, сергек қимылдап қонақтармен әзілдесіп отырғаны.

Кеңес Одағы кезінде қаншама талантты балуандар шовинистік соққыға қарсы тұра алмай спорттан бас тартып кетіп қалғанын білеміз. Ал, сол саясаттың сойылы көтеріліп тұрғанда тайсалмай тік тұрып, қаншама қазақ жастарын күреске баулыған Петр ақсақалдың жақсылығынан шарапат  көргендер ешқашан ұмытпайды. Сондықтан да Петр Кузмичке алғысымыздың шексіз екендігін білдіріп,  жүз жасаңыз деген тілек айтамыз.

АҚЫН ОРДАБАЙҰЛЫ