Мәди Хамза: Кәсіпқой боксшы атанғым келеді

«Олимпиада үміттері — 2020» атты республикалық бокс турнирінде ерекше көзге түскен жас спортшының бірі –Мәди Хамза. Шаршы алаңда ширақ қимылдап, өзгеше ойын өрнегін көрсеткен былғары қолғап шеберінің  болашағынан үміт күтеміз дейді мамандар. Турнирден кейін бапкер Рахымжан Садықовпен бірге  «Динамо» спорт қоғамынан келген жас өренмен арнайы танысып, сыр тартқан болатынбыз. Бокс өнерімен тәнтті еткен динамолық жас спортшы бірқатар сұрақтарымызға жауап берді.

— Мәди, «Олимпиада үміттері — 2020» турниріндегі жеңісің құтты болсын!

Рахмет! 

— Бокспен қанша жасыңнан бастап шұғылданасың?

Мен қазір тоғыз жастамын. Ал бокспен айналысып жатқаныма бір жылдай уақыт болып қалды. «Сұлтан-Динамо» бокс залында жаттығып жүрмін.

— Бокс секциясына жазылуыңа біреу кеңес берді ме, әлде өзің таңдадың ба?

— Негізінде Нұрсұлтан деген көкем бокс секциясына қатыс деп ақыл  айтқан болатын. Бірақ бұған дейін де өзім боксты жанымдай жақсы көретінмін. Қатты қызығамын.

— Бұған дейін де жарыстарға қатысқан шығарсың?

— Иә, осыған дейін он шақты жарысқа қатыстым. Оның ішінде 3 рет чемпион атандым. Соңғы «Олимпиада үміттері –  2020» турнирінде де жеңіс тұғырынан көріндім.

— Бұл турнирде қиын кездесулер болды ма?

— Әрине, мықты қарсыластар кез келген кездесуде болады ғой. Бұл жолы финалдық кездесудегі қарсыласым күшті екен. Алайда, бар күшімді салып, оны жеңіп кеттім.

— Елімізде қазақтың атын шығарып жүрген қандай боксшыларды білесіз?

— Олимпиада чемпионы болған Данияр Елеусінов, Олимпиаданың күміс жүлдегерлері – Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов ағаларымды білемін. Сондай-ақ, кәсіпқой бокстағы Генадий Головкин мен Қанат Ислам секілді атақты боксшыларды айта аламын.

— Сөзіңе қарасам, барлық боксшыларды білетін секілдісің. Ал биылғы Олимпиада ойындарында боксшыларымыздың кездесуін көрген шығарсың?

—  Иа, Олимпиада ойындарындағы боксшыларымыздың кездесулерін жібермей қарауға тырыстым. Әсіресе маған Василий Левиттің кездесулері қатты ұнады.

— Болашақтағы арманың қандай?

— Бокспен шұғылдана берсем деймін. Ал есейген кезде кәсіпқой боксқа барып, қазақтың намысын үлкен шаршы алаңда қорғағым келеді. Белгелі спортшы атанып, елімнің атағын шығарғым келеді.

— Бәрекелді, талабың таудай екен! Арманың орындалсын!

— Рахмет!