Майданда мойымаған ардагер

Майданда мойымаған ардагер - Динамо1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда толарсақтан саз кешкен Петр Павлович Вербицкийдің ерлігін кейінгі ұрпаққа жалықпастан сан қайтара айтуға болады. Майдангер ақсақал майдан төрінде жауға қарсы шауып, елін, жерін қорғап қана қойған жоқ. Соғыстан кейінгі бейбіт күнде де ел өміріне араласып, Жамбыл облыстық ішкі істер органы Қылмыстық іздестіру бөлімінің ардагері атанды.

         Бір қызығы, биыл тойланатын Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Петр Павлович 90 жасқа толып отыр. Соғыстағы ерлігімен, бейбіт замандағы еңбегімен елге сыйлы ақсақалды құттықтауға облыстық ІІД қызметкерлері, БАҚ өкілдері мен бұрынғы әріптес достары келді. Қонақтардың ішінде ардагерге сәлем бере келген Жамбыл облысы ІІД бастығының орынбасары, полиция полоковнигі Қалижан Шоңғарбаев торқалы той иесіне арнайы құттықтау хатын тапсырып, иығына қазақы оюмен өрнектелген шапан жапты. Облыстағы барлық ішкі істер органдарының қызметкерлері атынан алғыс білдіре отыры, былай деді:

— Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер отан үшін от кешіп, қарсы келген жаумен жанкештілікпен айқасты. Соның арқасында біз бейбіт өмірге қол жеткіздік. Петр Павлович, ерен ерлігіңіз және адал қызметіңіз үшін сізге басымызды иеміз!

Сонымен қатар, ІІО Ардагерлер кеңесінің және Жамбыл облысы Ұлттық гвардиясының төрағасы, отставкадағы полковник Өрнекбай Смаилов мерейтой иесінің кеудесіне Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальді тағып және «Жеңіс» республикалық акциясы аясындағы «SOS» жедел нүктесі бар ұялы телефон тарту етті. Қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері өз кезегінде Петр Вербицкийге гүл шоқтарын, құттықтау хаты мен бағалы сыйлықтарын тапсырды. Барлық қонақтар ақсақалға денсаулық тілеп,  ізгі ниеттерін ақтарды.

Кәрілік жетсе де оның сынына мойымаған, қимыл-қозғалысы ширақ Петр Павловичтің өмірге деген құштарлығы зор. Мерекелік дастарқан басында ақтарылған жылы лебіздерге көңілі босап, көзіне жас алған ардагер Ұлы Отан соғысы мен Жапон империализміне қарсы майдандағы, сондай-ақ, милицияда қызмет еткен жылдар туралы естеліктерімен бөлісті.

Майданда мойымаған ардагер - Динамо21941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда отанын, елін сүйген әр азамат майданға аттанып, фашизммен күресті. Осы жауынгерлер арасында жалындаған Петр Павлович те бар еді. Ол 1943 жылы 18 жасында Отанын қорғауға үшін өз еркімен майданға кетті. Воронеж байланыс училищесін  аяқтап, екінші Балтық майданында соғысып жатқан 313-ші артиллерия полкіне радист ретінде жіберіледі. Қарша бораған оқтың арасында жүріп, 1944 жылы ауыр жарақат алады. Одан кейін ұзақ уақыт денсаулығын қалпына келтіру үшін госпитальда жатады. Соңында Жеңіс күні де жақындайды.

Алайда жауынгер Вербицкий үшін соғыс әлі аяқталмаған болатын. Себебі, 1945 жылдың мамыр айында оны Қиыр Шығысқа жібереді. Бұл кезде фашистік Германияның одақтасы Жапония әлі де соғысып жатқан болатын. Танк полкінде қайта даярлаудан өткен соң Петрді СУ-76 өздігінен жүретін артиллерия қондырғысына нысанашы ретінде тағайындайды. Әсіресе оның есінде Муданьцзян қаласы үшін болған ұрыс ерекше сақталып қалыпты. Бұл шайқастан соң «Жауынгерлік ерлігі» үшін медалімен және СУ-76 экипаж құрамы тағы бір маңызды жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталады.

Ардагер үшін жауынгерлік марапаттарының арасындағы ең қымбаты, көзге жылы ұшырайтыны – «Қызыл жұлдыз» ордені мен Жоғарғы Басқолбасшы Сталиннің 1945 жылы 23 тамыздағы «Қиыр Шығыстағы жапондықтармен шайқастағы әскери ерліктері үшін алғыс жариялансын» деген бұйрығы.

Соғыстан кейін, 1950 жылы туған жері Жамбыл облысына Петр оң мен солын таныған, нағыз коммунист атанып бір-ақ оралады. Қазақстан Компартиясының қалалық комитетінің шешімімен ол Ішкі істер департаментінің қылмыспен күрес бөліміне жұмысқа алынады. Осы жерде табаны күректей 36 жыл еңбек етіп, жедел уәкілден бастап қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы дәрежесіне дейін көтеріледі.

Бүгінгі таңда кеудесі орден-медальға толған Петр Вербицкийдің өмір жолы сан соқпаққа толы. Өзінің саналы ғұмырында жауынгерлік үлесі үшін 18 мемлекеттік марапат, ІІО атқарған қызметі үшін барлық дәрежедегі 3 «Мінсіз қызметі» медалімен марапатталған. 1977 жылы Қазақ ССР-нің ең үздік милиция қызметкері ретінде танылды және есімі мәңгілікке «Қазақстан ІІМ Құрмет кітабына» енгізілді.

Бұл ақсақал өмірінің бір парасы ғана. Ержүрек жауынгер, құқықтық тәртіптің қабырғалы еңбеккері, адал жолдас, қамқор әке бола білген ардагер ғұмыры кейінгі жас ұрпаққа үлгі. Себебі, майдан даласында жаумен алысқан аталарымыз сол кейінгі жас ұрпақтың бейбіт өмірі үшін қан төгіп, жан алысты. Алдағы мамыр айында 70 жыл толатын Ұлы жеңістің шапағаты бізге осылай келді. Ал, сол тойды Петр ақсақал өзінің жанашыр жақындарының жанында қарсы алады. Жеңіс туы жығылмасын, бейбітшіліктің алауы өшпесін. Бұл кейіпкеріміздің кейінгі ұрпаққа берген батасы болатын.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облысы
ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы