Қыркүйек айының 15-17 күндері Астана қаласында күш құрылымдары арасында жекпе-жек өнерінен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогі жолындағы республикалық турнир өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған байрақты бәсекеде еліміздің Қарулы Күштерінен, әскери құрылымдар мен облыстық федерациялардан жасақталған 26 команда жарыс жолына шығып, 160-қа жуық спортшы бақ сынады.
Биыл бесінші рет жалауын көтеріп отырған дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қатысушы командаларға алғыс білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде: «Тәуелсіздік біздің толайым табысымыз, басты бақытымыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қазақ елін қазіргі таңда бүкіл әлем жақсы біледі, құрметтейді, тұрақтылық пен бірліктің Отаны ретінде қадірлейді. Біздің еліміздің Елбасы айтқандай, ұлы мұратты, ұлы болашағы бар. Татулықтың ту еткен халқымыздың алар асуы алда. Сол келе жатқан Тәуелсіздік тойына тарту ретінде осы спорттық шараны ұйымдастырып отырмыз.
Жауынгерлік рух, жауынгерлік спорт түрлерін меңгеру – қуатты Армияның кепілі. Осындағы әр спортшы бойында осы қабілет-қасиеттер тоғысқан, талай сыннан сүрінбей өтіп, қоян-қолтық күрестің нағыз майталмандары атанған саңлақтар. Бүгінгі бәйге күштілердің бәйгесі, тарлан мықтылардың додасы. Сіздердің баршаларыңызға сәттілік тілеймін. Жеңісті орындардан көрінулеріңізге тілектеспін», — деп, қуатты Қазақстанның негізгі күші – жауынгерлік рухтың биік болуына тығыз байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, сайыстың ашылу кезінде Парламент депутаттары – генерал-лейтенанттар Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің республикалық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, күш құрылымдарының бірінші басшылары, спорт комитеттерінің жетекшілері, сондай-ақ, жекпе-жек түрлерінен республикалық спорт ұйымдарының өкілдері бой көрсетіп, сайыстың салмағын арттыра түсті. Ал осы «Көктал» спорт кешеніндегі спорттың шараға ерекше көрік берген сәт ретінде, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің сайысты тамашалауға келгенін айта аламыз. Себебі, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, ел қоржынына 17 медаль салған болатын. Соның ішінде бір алтын, үш күміс және екі қола медальді еліміздің ұлттық құрамасымен бірге Ұлттық ұлан спорттық командасының мүшелері болып табылатын динамолық спортшылар қанжығалаған еді. Шара барысында әскердің жеке құрамы Олимпиада чемпионы, лейтенант Данияр Елеусінов, күміс жүлдегер капитан Әділбек Ниязымбетов, лейтенанттар – Василий Левит пен Елдос Сметов, сондай-ақ, қола жүлдегер, капитан Иван Дычкоға айрықша қошемет көрсетті. Ел мен әскер мақтанышына айналған оларға генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Ұлттық ұлан символикасы бейнеленген қол сағат пен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев Олимпиада жеңімпаздарының ерен еңбегін атап өтіп, ата-бабаларымыздың жауынгерлік жолын бейбіт күнде әскери қызметімен және спорттағы жетістігімен жалғастырып жүрген Отан қорғаушыларға ақжолтай тілегін білдірді. Олимпиадашылар атынан сөз алған лейтенант Данияр Елеусінов Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы мен жеке құрамына өздеріне көрсетілген қошеметтері мен сенімдері үшін ризашылығын білдіріп, жарысқа қатысушыларға жеңіске жетулеріне сәттілік тіледі.
Осылайша аға буынның ақ батасымен, жеңімпаз өрендердің ақ тілегімен шымылдығы ашылған турнир екі күнге созылды. Онда спортшылар 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Қатаң тәртіпке құрылған әскери өмірмен спортты қатар алып жүрген саңлақтар сайыс барысында бар өнерін ортаға салып, жүлделі орын үшін бар шеберліктерін көрсете алды. Дегенмен, жарыста өзгелерден оқ бойы озық шыққан бір ғана жеңімпаз болатыны бесенеден белгілі. Сонымен 55 келіде ешкімге дес бермеген Ернияз Сембеков (Ақмола облысы) бірінші орын алса, Арман Шәкіртов (ҚР ЦСКА) екінші, Манас Исабай (ҚР ҰҚК ШҚ) үшінші орыннан көрінді. Ұлттық ұланның спортшысы Ержан Еренғайыпов 60 келі салмақта бәрінен басым түссе, оған есе жіберген Санжар Жанбатыров (ҚР ҰҚК) екінші орын, ал Астана қалалық ІІД-нің өкілі Мейірман Қалиқұлов үшінші орын алды.
65 келі салмақта ҚР ІІМ командасының спортшысы Ұлан Мұқашевқа тең келер ешкім табылмады. Одан кейінгі екінші және үшінші орындарды Вусал Жапаров (Ұлттық ұлан) пен Ырысбек Байлуллаев (Астана) өзара бөлісті. 70 келіде Рахметолла Сатыбалдиев (ҚР ІІМ) бірінші орынға жайғасса, Назарбек Забиевке (ҚР ҰҚК) екінші орын, ал Мадияр Тілеулиновке (ҚР ЦСКА) үшінші орын бұйырды. Өзге салмақта жүлдеге іліккен спортшыларға тоқталсақ, 75 келіде Бекзат Бектемісов (ҚР ҰҚК) жеңімпаз атанса, Жандос Асқарбекұлы (ҚР ІІМ ҚАЖК) екінші, Медет Қанафин (Астана қалалық ІІД) үшінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ, 80 келіде ІІМ қызметкері Темірхан Ихсанғалиев, 85 келіде ҰҚК қызметкері Ілияс Мұхамедиев, 90 келі салмақта Ұлттық ұланның спортшысы Дияр Нұрғожай, 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ақмола облысы командасының спортшысы Серік Әбіров бас жүлдені иеленіп, белдескен салмақтары бойынша чемпион атанды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша Ұлттық ұланның І құрама командасы бірінші орынды олжалады. Осы жерде атап айтарлығы, турнирге Ұлттық ұлан атынан 2 команда қатысқан еді. Командалық есепте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасы екінші орынға, ал Мемлекеттік күзет қызметінің сайыпқырандар тобы үшінші орынға тұрақтады. Жекелей сында жеңіске жектен спортшылар мен командалық есепте топ жарғандар Бас қолбасшы Кубогімен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әрине, сайысқа келген спортшылардың басты мақсаты – жүлделі орынға талас емес, керісінше бір-бірлерімен осындай шарада жолыға отырып біліктілігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау бағытынада өзгелерге үлгі көрсету. Бұл тұрғыда еліміздің күш құрылымдарының өкілдері әрқашан алдыңғы орыннан көрініп келеді. Өйткені, елді ішкі және сыртқы жаудан қорғайтын ұландарымыз қай кез болмасын сын сағатта сақадай сай тұруы тиіс. Ол үшін әр азаматымыз құрыштай шынығып, бабында жүруі шарт.
Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалып, аманат еткен кең байтақ жерімізді қорғау – әрқайсымыздың басты парызымыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі бекем болуы үшін еліміздің әр азаматы аянбай тер төгуі қажет. Сонда ғана еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мәңгілік елге айналамыз. Осы жолда еліне қорған болатын азаматтарымыз аман болсын, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын!