Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары шаңғы тебуден алғаш рет отбасылық эстафета ұйымдастырды.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарыс Петропавлдағы Борки кентінде өтті. Шаңғы жолына әрқайсысында үш мүшесі бар 21 отбасылық команда шықты. Бірінші болып балалар 500 метрді бағындырды. Одан кейін шаңғыға аналары тұрып, 1 мың метрге жүгірді. Эстафетаны шаңырақ иелері іліп әкетіп, 2 км қашықтыққа шаңғы тепті. Мәреге бірінші болып Бағыттардың отбасы жетті. Ерлі-зайыптылардың екеуі де майор шеніндегі полиция қызметкері. Олардың 12 жастағы қыздары Тамила 7 сыныпта оқиды, спортпен шұғылданады. «Маған спорттық жарыстарға қатысқан өте ұнайды. Әке-шешемнің жұмысында осындай эстафета ұйымдастырғандарына алғысымды айтамын. Жарыс көңілді өтті», — дейді Тамила. Екінші орынды жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкері Саят Әбілқайыровтың отбасы жеңіп алды. Ал үшінші орын Әубәкіровтар отбасына бұйырды. Бұл отбасында да жұбайлар — тәртіп сақшылары. Біреуі Қызылжар аудандық полиция бөлімінде, екіншісі криминалды полиция басқармасында істейді. Бұдан басқа «Полицей отбасы» аталымында Земскийлер отбасы марапатталса, Айыртау аудандық полиция бөлімінің қызметкері Данияр Таңсықбаевтың шаңырағы «Жеңіске ұмтылысы үшін» номинациясын жеңіп алды. Ал М.Жұмабаев ауданының учаскелік полиция инспекторының 8 жасар ұлы Расул Жұманов жарыстың ең жас қатысушысы деп танылып, арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл күні эстафетаға қатысқан балалардың ешқайсы сыйлықсыз қалмады. «Солтүстік өңірде шаңғы спорты жақсы дамыған. Сол себепті біз бүгінгі жарысты дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің мемлекетке бірлігі жарасқан, дені сау отбасы керек. Мұндай жарыстардың полиция ведомствосы үшін маңызы зор. Өйткені мұндай іс-шараларда олар демалыс күндерін отбасыларымен, есте қаларлықтай қызықты, әрі денсаулыққа пайдалы етіп өткізеді», — дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Қапез Дәулетбаев. Бұл жолы қысқы эстафета «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 95 жылдығына орай ұйымдастырылды.