Дзюдошылар салған даңғыл жол

Рио Олимпиадасының алғашқы күні-ақ қазақ спортшылары дзюдодан екі жүлде – күміс және қола медаль алып, Бразилия жерінде ел намысын қорғап жатқан өзге спортшыларымызға даңғыл жол салып берген болатын. Ерлер арасында Елдос Сметов күмістен медаль тағынса, әйелдер ортасында Отгонцецег Галбадрах қола жүлде иеленді. Осылайша қос бірдей динамолық спортшының жеңісі  күллі қазақтың қуанышына ұласты.

Елдосқа ел үлкен сенім артты. Шынашақтай ғана баланың Рио Олимпиадасынан жүлдемен оралатынын ішіміз сезгені анық. Бірақ, бабы келіскенімен бағы қатар келмесе, мүлт кету де қас-сағым сәт. Ел болып Елдостың тілеуін тіледі. Сенім ақталды. Елдос Сметов Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанып, Асхат Жіткеев ағасының ізін жалғастырды.

Риода жарыс жолында 60 келі салмақта сынға түскен ол кездесулерін екінші айналымнан бастаған еді. Алдымен  ливиялық Мухамед Элькавистен айқын басымдықпен айласын асырды.  Екінші кезекте «Гран при», «Үлкен дулыға», «Әлем шеберлері» турнирінің жүлдегері британдық Эшли Маккензимен татамиге шықты. Бұған дейін түріктің мықты балуаны Бекер Озлудан басым түскен британдық осал қарсылас емес. Дегенмен жерлесіміз  «юко» ұпайымен алға шығып, жеңіске жетті. Келесі айналымда Диербек Урозбоевпен белдесті. Мұның алдында Ташкентте жалауын көтерген Азия чемпионатында кездескен қос балуанның бір-біріне айласы мәлім болатын. Бірақ, сол кезде жеңіске жеткен Елдос осы жолы да қарсыласын күйретіп,  жартылай финалға жолдама алды. Әрине, ақтық сынға жолдама алу жерлесіміз үшін оңайға түспеді. Бұл жолы әзірбайжандық Орхан Сафаровпен күш сынасты. Жолындағының бәрін жайпап келе жатқан Орхон оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Алайда намысқа тырысқан Елдос қарсыласынан басым түсіп, финалға шықты. Күміс медаль қоржында. Осы кезде тікелей эфирден бас бапкер Ермек Иманбековтың шәкіртіне: «Босама», — деген кеңесін естідік. Финалда бағы жанса, Олимпиада чемионы атанғалы тұр. Бәріміз демімізді ішке тартып, финалдық кездесуді күттік. Бұл кезеңде жерлесіміз ресейлік Беслан Мудрановпен белдесті. Өкінішке орай одан ұтылып, күміс медаль еншіледі. Әрине, Елдостың күміс медалін ешқашан олқы санай алмаймыз. Біз үшін алтыннан артық зор табыс. Себебі, Олимпиада ойындарындағы әр жүлде бізге ерекше ыстық.

Ал қыздар арасында бақ сынаған Отгонцецег Галбадрах  та жарыс жолын бірден екінші айналымнан бастады. Екінші айналымда оның қарсыласы көптеген ірі турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері Лима Тасианаға қарсы шықты. Бұл белдесуді ойдағыдай өткізген ару қызымыздың жолы келесі кезеңде   жапон балуаны Ами Кондомен түйісті. Белдесуде жерлесіміз басымдық танытып келе жатқанымен соңғы секундтарда қарсыласынан айласын асырып кетті. Алайда дзюдошымызға үшінші орын үшін таласып көруге мүмкіндік туған болатын. Жұбаныш белдесуінде есесін жібермеген ол әуелі  тәжірибелі венгриялық Ева Черновицкиді қапы қалдырса, одан кейін  кубалық Д­аярис Местре Альваресті жеңіп, Олимпиада ойындарының қола жүлдесін иеленді.