Орал қаласында Орал гарнизонының әскери қызметкерлерінің арасында жыл сайынғы волейбол турнирі аяқталды. Шаһардағы 55/17 әскери бөлімінде өткен жарыс 1995 жылдың 7-ші сәуірінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ҚР ІІМ ІӘ-нің 17 жауынгерін еске алуға арналды.
Туған жер үшін опат болған боздақтарға қашанда құрметіміз шексіз. «Ер есімі – ел есінде» деп ардақтайтын халқымыз, «отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Осыдан тура 22 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ 1995 жылдың 7-ші сәуірінде Пяндж өзененің бойындағы «Пшихвар» шатқалы арқылы сапарлап, жүк алып бара жатқандар шекаралық аралықта Ауғанстан жағынан моджахеттердің шабуылына ұшыраған болатын. Ерлік пен қайсарлықты талап еткен қарулы шайқаста қазақстандық 17 жауынгер оққа ұшып, отызға жуық адам жараланды. Осы шайқаста біздің жерлесіміз, ҚР ІІМ Ішкі әскерінің сержанты, 1993 жылдың маусымында Шыңғырлау ауданынан әскери комиссариатқа шақырылған Радик Каймульдиев ерлікпен қаза тапты. 1996 жылдың 20-шы қарашасында ҚР Президентінің жарлығымен сержант Р. Каймульдинге ІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Сонымен қатар қазіргі таңда Шыңғырлау ауданындағы бір көше батыр ұлдың атымен аталады және ол оқыған Шыңғырлау ауылындағы мектепте арнайы даңқ бұрышы ашылған. Бұл жерде жыл сайын Радик Каймульдиновті еске алу шаралары өткізіліп тұрады.
Әрине, қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында көптеген шаралар атқарылған. Соның ішінде айтарымыз, 2011 жылдың 7-ші сәуірінен бастап 55/15 әскери базасында, қазіргі «Батыс» өңірлік қолбасшылығында дәстүрлі түрде волейбол турнирі ұйымдастырылып келеді.
Жыл сайын дәргейі жоғарылаған бұл бәсекеге биыл жеті қатысты. Олар: БҚО ҚІД, ҚР ҰҰ «Батыс» ӨҚБ, ҚР ҰҰ 55/17 әскери бөлімі, ҚР ҰҰ «Бүркіт» арнайы жасағы, ҰР ҰҚК ШҚ 20/27 әскери бөлімі, БҚО бойынша тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс-қимылға қатысушылардың одағы және ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Ардагер» ардагерлер қоғамы.
Аталмыш дода опат болған сарбаздарды еске алумен қатар әскери қызметкерлер арасында волейбол спортын насихаттау және дамыту, сондай-ақ, олардың шеберлігін арттырып, салауатты өмір салтын үлгі ету мақсатында қолға алынған.
Сайыстың басталар сәтінде сақай-сай тұрған ойыншылар денелерін қыздырып, ойын алдындағы соңғы жаттығуларын өткізіп алды. Жетекшілер болса шәкірттеріне ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар сілтеп жатты. Осыдан-ақ олардың ойынға өте жоғары дәрежеде дайындықпен келгенін анық байқадық.
Турнирдің ашылу салтанатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі орынбасары, полковник Берік Омаров, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Респбуликасы Ұлттық ұланның запастағы подполковнигі Бақытжан Бердиев, БҚО бойынша тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс-қимылға қатысушылар одағының төрағасы Данабек Сүлейменов сөз сөйледі. Дәстүрге айналған турнирдің мән-мағынасына тоқталып, мұндай жарыстар әскери қызметкерлерді шыңдау жолында маңызы зор екенін айтқан олар қатысушылар сәт-сапар тіледі.
Сонымен көпшілік тағатсыздана күткен волейбол сайысы да басталды. Допты дәл керек жеріне дәл бағыттап, дер кезінде қарсыласынан айласын асыра допты келес жаққа өткізе білген ойыншылар қателік жібермеуге тырысып бақты. Себебі, волейбол дегеніміз – командалық ойын. Жеңіске жету үшін команданың барлық ойыншылары жұмылып жұдырық болып қимылдауы тиіс. Осыны жете түсінген спортшылар ойынның көркін қыздырып, жанкйүерлерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жарыстың соңында бірінші орынға таласқан «Бүркі» арнайы жасағы мен «Ардагер» командасының ойыншылары тамаша ойын өрнегін көрсетті. Сәттілік серік болған «Бүркіт» командасының ойыншылары шешуші сәтте айласын асырып, бірінші орын алды. Оларға не бары 1 ұпай ғана есе жіберген «Ардагер» командасының волейболшылары екінші орынға жайғасты. Ал, БҚО ҚІД командасы жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздардың барлығына кубок, грамота мен бағалы сыйлықтар берілді.