Ермахан Ибраимов: «Динамо» десе ішкен асымды жерге қоямын

Ермахан Ибраимов: «Динамо»Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың есімі барша қазаққа таныс. Боксшының ғасыр алмасар тұстағы Сидней Олимпиадасында алтыннан алқа тағынған сәті әлі күнге дейін жадымызда. Ал біз кезінде шаршы алаңда жасындай жарқырап, талай сында қазақтың көк туын биікте желбіреткен былғары қолғап шебері «Динамо» спорт қоғамынан түлеп ұшқанын әр кез мақтанышпен айтамыз. Ермахан Ибраимов ешқашан бокстан қол үзген емес. Қазіргі таңда «Бокстан Олимпиадалық даярлау орталығын» басқаратын саңлақ қазақ боксын өрге сүйреп, оның отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Біз «Динамо» ДШСҚ-ның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында атақты боксшыға сәлем бере барып, аз-кем ой бөліскен болатынбыз.

Ермахан аға, сіз басқарып отырған «Бокстан Олимпиадалық даярлау орталығының» қазіргі жай-күйі қандай?  Осы орталықтың жастарды шыңдап, қазақ боксын дамыту жолындағы маңызы қаншалықты?

— Жалпы еліміздегі Олимпиадалық даярлау орталықтары 2007 жылы  Премьер-министрдің шешімімен құрылды. Сол кезде «Бокстан олимпиадалық даярлау орталығы», «Күрес түрлері  бойынша олимпиадалық даярлау орталығы», «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» және «Ауыр атлетикадан олимпиадалық даярлау орталығы» ашылған болатын. Өздеріңіз білетіндей, бұл спорт түрлері елімізде жақсы дамыған. Талай әлем біріншілігі мен Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар осы спорт түрлерінен жүлдесіз оралған емес. Көптеген биік шыңдарды бағындырды. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық команда үшін резервтегі спортшыларды дайындау. Жас боксшылардың біліктілігі мен шеберлігін шыңдап, оларды ұлттық құрамаға өткізу. Осы бағытта біздің орталық жақсы жұмыс жасап, өнімді еңбек етіп жатыр деп айта аламын. Бокс әліппесін енді қолына алған өрендеріміз де үмітімізді ақтап, тамаша өнер көрсетіп келеді. Неге десеңіз, бокстан 2013, 2014 жылғы жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия мен әлем чемпионаттарында біздің өрендер ерен ерлік көрсетті. Тіпті біз 2014 жылы Болгарияда жастар арасында өткен әлем чемпионатында командалық есеп бойынша бірінші орын иелендік. Қанжығамызға 2 алтын және 2 күміс медаль салдық. Азулы қарсылас саналатын Куба боксшыларының өзі екінші орынға тұрақтаса, АҚШ құрамасы үшінші орынға жайғасты. Әрине, әлемнің сандаған мықты командаларынан оза шауып, бірінші орын иелену оңай дүние емес. Олардың барлығы оңай шағылатын жаңғақ деуге келмейді. Ең қиыны – сол биік деңгейді ұстап тұру. Қазіргі таңда елімізде спортқа жақсы көңіл бөлінген. Қандай қиын кезең болса да, мемлекет тарапынан қолдау көріп келеміз. Сондықтан боксшыларымыз күндіз-түні жатпай-тұрмай еңбектеніп, шеберлігін шыңдай түссе, әрқашан биік белестен көрінеміз деп ойлаймын.

— Ермахан аға, шәкірттеріңіздің ішінен қазақ боксының ертеңгі жарық жұлдызы деп кімдерді ерекше атай аласыз?

Ермахан ағаӘрине, мынау мықты, анау осал деп бөле жарып айту қиын. Алайда, солардың ішіндегі бірегейі Абылайхан Жүсіповті тілге тиек етпеу мүмкін емес. 60 келі салмақ дәрежесінде атой салып жүрген ол – жастар арасындағы Олимпиада және әлем чемпионы. Ересектер арасында да жұдырықтасып, өзінің қалыптасқан боксшы екенін көрсетіп жүр.  Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанаов аттың басын тартып отыр. Себебі, болашағы зор боксшыны бүгіннен бастап ересектер арасына салып жіберсек, күні ертең оның беті қайтып қалмай ма деген ойымыз бар. Мұны орынды байлам деп есептеймін. Абылайханның жұлдызы жанатын шақ әлі алда.

— Қазақ боксы қашанда қарқынынан жаңылған емес. Әсіресе, әр буынның ізін өкшелей жастар келіп жатыр. Бокс мектебі үзіліп қалған күн жоқ. Эстафета жалғасын тауып отыр. Осының сыры неде деп ойлайсыз?

— Қазақ халқы ежелден жауынгер халық. Өр рухты бабаларымыз осынау ұлан байтақ жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалды. Олардың бойындағы батырлық, қайсарлық пен өжеттік біздің қанымызға сіңген қасиет. Бокс та шаршы алаңдағы жекпе-жек. Нағыз майдан дерсің. Егер біздің спортшылар жеңіс тұғырынан көрініп жатса, бабаларымыздан дарыған күш деп ұғынуымыз қажет. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да спортшыларымызға қуат береді. Сонымен қатар, алғаш тәуелсіздік алып, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен уақытта «Динамо» спорт қоғамы спортшыларға сүйеу бола білді. «Динамоның» базаларында дайындалған спортшылар  талай жарыстарда топ жарды.

— «Динамо» спорт қоғамы жайында айтып қалдыңыз… Айтып өтіңізші, осы ұйымның қазақ спортшылары үшін маңызы қаншалықты?

— Өте орынды сұрақ! Тоқырау кезінде көптеген спорт қоғамдары құрдымға кеткенде, «Динамо» спорт қоғамы өзінің орнын сақтап қалды. Аталмыш ұйым елімізге көптеген Олимпиада және әлем чемпиондарын сыйлады. Сондықтан бұл ұйымның қазақстандық әрбір спортшы үшін атқаратын рөлі өте жоғары. Себебі, «Динамо» спорт қоғамына мүше спортшылардың әскери шені де өсіп отырады. Мысалы, мен бокстан кетпесем, сәл болмағанда полковник атанатын едім (күледі). Әлі күнге дейін полковник болуды армандаймын. Тағы бір қосарым, Кеңес кезінде еліміздің Қарағанды, Қостанай, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында қалыптасқан бокс мектептері болды. Соның ішінде Алматы қаласындағы «Динамо» бокс мектебінің шоқтығы биік тұратын.

— Өзіңіз де «Динамо» спорт қоғамынан түлеп ұштыңыз. Сіздің өміріңізде бұл ұйымның алар орны қандай?

«Динамо» спорт қоғамы жайында айтып қалдыңыз— Әрине, мен «Динамодан» қанат жайып шыққан азаматпын. «Динамо» десе ішкен асымды жерге қоямын. Оның өсіп-өркендегенін қалаймын, әрқашан тілеуін тілеймін. Қиын-қыстау заманда өзін сақтап қалып, өз арнасынан жаңылмай жұмыс істеу – ерлікпен тең. Міне, «Динамо»  спорт қоғамы соның үлгісін көрсетті. Қазіргі басшы, төрағаның бірінші орынбасары Асқар Омарқұловтың біліктілігі мен іскерлігінің арқасында «Динамо» спорт қоғамы өркендеп келеді. Барлық спортшыны бес саусағындай білетін Николай Князов та жақсы еңбек етуде. Сондықтан 90 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын!

Биылғы қой жылы жақсылықтарын алып келуде. «Динамо» ДШСҚ-на 90 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл, Ұлы жеңіске 70 жыл  толып отыр. Той құтты болсын, сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан М. Мәліков