Даңғыл жолдағы динамолықтар

1960-шы жылы алғаш алауы тұтанған қысқы Универсиаданың биыл Алатау бөктеріндегі Алматы қаласына келуі  – ел тарихында алтын әріппен жазылатыны хақ. Екі жыл сайын бір келетін байрақты бәсекеде қазақ спортшылары аянып қалған емес. Бұған дейін спортшыларымыз қысқы Универсиада ойындарынан 18 алтын медаль олжаласа, санаулы күнен кейін өз жерімізде жалауы көтерілетін ХХVIII қысқы Универсиадада бар күшін салатыны анық.

Жақында ғана ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Бүгінгі күні спорт түрлері бойынша команда құрамалары анықталды. Біздің еліміздің атынан Универсиадада оның бағдарламасына енген спорттың барлық түрі бойынша 168 спортшы мен 65 жаттықтырушы қатысады», — деген болатын. Сайысқа сақадай сай Қазақстан құрамасының сапында 50-ге жуық динамолық спортшы ел намысын қорғайды. Әңгімені әріден қозғасақ, тоқсан жылдық тарихы бар «Динамо» спорт қоғамының спортшылары қай уақытта да Қазақстанның туын биікке көтеріп, дүбірлі додалардан жүлдесіз оралған емес. «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұловтың айтуынша, динамолық спортшылар өздеріне жүктелген міндетті толықтай атқарып шығуға әзір. «Динамолық спортшылар тек жазғы спорт түрлері ғана емес, қысқы спорт түрлерінен де талай биікті бағындырып келеді. Күллі қазақстандық жанкүйердің үмітіне айналған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Қазақстан қоржынына қола медаль салып берген еді. Осыдан-ақ динамолық спортшылардың ел спортына қосып жатқан өлшеусіз үлесін анық байқаймыз», — дейді ол.

Биыл Алматы төрінде өтетін қысқы Универсиадада жүлдеге ілігеді деп үміт артып отырған спортшылардың барлығы динамолық саңлақтар. Мәселен, атағы алысқа кеткен Денис Тен (мәнерлеп сырғанау), Юлия Галышева (фристайл), Павел Колмаков (фристайл), Жанбота Алдабергенова (фристайл), Роман Креч (конькимен жүгіру), Станислав Палкин (конькимен жүгіру), Абзал Әжіғалиев (шорт-трек), Нұрберген Жұмағазиев (шорт-трек) және Денис Никиша (шорт-трек) сынды динамолық спортшылар 2017 жылғы қысқы Универсиадада елдің мерейін үстем ететініне сеніміміз мол. Бұл спортшылардың қай-қайсысы да осал емес.

Әрине, Денис Тен 2015 жылы өткен қысқы Универсиадаға қатыса алмаған болатын. Осы жолы бабы келіскен мәнерлеп сырғанаушы үздіктердің қатарында. Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола медаль иегері осы жолы бар өнерін ортаға салып, жеңіс туын көтеруге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, оның 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өкен қысқы Азия ойындарында алтыннан алқа тағынғаны есімізде. Сонымен қатар, биылғы құрама сапында 2015 жылғы қысқы Универсиада жасындай жарқырап, алтын медаль иеленген спортшылар бар. Мәселен, сол кезде фристайлшылар Юлия Галышева мен Павел Колмаков алтын медаль алса, Дмитрий Рейхерд күміспен күптелген болатын. Биатлоннан соңғы әлем кубогінің кезеңін төртінші болып аяқтаған Галина Вишневсийдің де алар асуы көп. Ал, кейінгі кезде қарқын алып келе жатқан динамолық шорт-трекшілердің аяқ-алысын жақын күндері өз көзімібен көреміз. Бір сөзбен айтсақ, жүлдеден үмітті спортшылардың дені «Динамо» спорт қоғамының намысын қорғап жүрген спортшылар. Бұл жөнінде пікірін білдірген «Динамо» ДШСҚ спорт басқармасының бастығы Николай Князев: «Маған екі жыл бұрын Словакия мен Испанияда өткен қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасының ірі жеңісін көру бақыты бұйырды. Ол кезде біздің спортшылар командалық есеп бойынша үшінші орынға тұрақтады. Мұндай елеулі оқиға еліміздегі сутденттік спорт тарихында алғаш рет орын алды. Демек, біздің мақтануға тұрарлық зор мүмкіндігіміз бар. Сол кезде айы ойыңнан туған динамолық шаңғышы Анастасия Слонова екі дүркін чемпион атанды. Қазір ол декреттік демалысқа шықты. Дегенмен жауапкершілікті сезіне білетін өзге спортшылар біз көздеген межеден көрінетіні ақиқат», — деп түйіндеді.

Айта кетейік, Алматы қаласындағы қысқы Универсиадаға әлемнің 59 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысады.  Жарыс барысында 12 спорт түрі бойынша 86 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Үкіметтің жазғы және қысқы дүниежүзілік Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен бір реттік сыйақы белгілеу туралы шешімі спортшыларымызды ынталандыра түспек. Ол өз сөзінде: «Бірінші орынға – 4,9 млн., екінші орынға – 3,3 млн., үшінші орынға – 1,6 млн. теңге беріледі. Дәл осындай сыйақы Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің жаттықтырушыларына да қарастырылған», — деп атап өтті.

«Динамо» ДШСҚ

баспасөз қызметі