Дана халқымыз «тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаса керек. Ал тән саулығының кепілі – спортпен шұғылдану. Осыны басшылыққа алған Жамбыл облысының сақшылары 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне арнап эстафеталық жүгіруден және шағын футболдан жарыс ұйымдастырды.
Сайыстың өтуіне Жамбыл облысы ІІД Кадр жұмысы басқармасы мен «Динамо» ДШСҚ Жамбыл облыстық филиалының қызметкерлері мұрындық болса, игі бастаманы Көліктегі ІІД, ТЖД, ММКҚБ, 5513 ә/б және т.б арнаулы орындар қолдап кетті.
Турнирдің ашылу салтанатында «Динамо» ДШСҚ Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Ысқақ сөз сөйлеп, шараны ашық деп жариялады. Одан кейін мінбеге көтерілген ІІД Кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ильнур Зайнулин полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып: «Сақшылардың жұмысы ауыр екенін бәріміз білеміз. Күнделікті қызметпен әбігерге түсе жүріп, кейде спорттық рухтың не екенін ұмытып кетіп жатамыз. Шындығында спорт – әр адамды жігерлендіре түседі. Адамның рухын көтереді», — деді.
Полиция күніне арналған мерекелік турнирде барлығы 15 команда бақтарын сынады. Қатаң тәртіппен өткен жарысқа сақшылар өздерінің тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсете білді.
Енді жарыстың қорытындысына тоқталсақ, эстафеталық жүгіруден 15 команда сынға түскен еді. Олардың арасында оқ бойы озық шыққан ІІД ЖҚАЖ жеңіс туын көтерді. ММКҚБ-ның эстафеташылары екінші орынға жайғасса, Көліктегі ІІД командасы үшінші орынды місе тұтты.
Шағын футбол додасында да ІІД ЖҚАЖ қызметкерлері қарсылас шақ келтірмей, өзгелерден үздік шықты. «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімнің қызметкерлері аз ғана ұпай айырмашылығымен екінші, ал Төтенше жағдай департаменті үшінші орынды жеңіп алды. Сонымен Қазақстан полициясы күніне арналған сайыста Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері спорттың екі түрінен де ешкімге дес бермеді. Айта кетейік, екі жарыста да ЖҚАЖ инспекторы, полиция аға лейтенанты Мансурулла Дүйсенбаев команда мәртебесін жоғарғы сатыға көтере білді. Сондай-ақ, Жамбыл облысы ІІД ҚҚЕБ бастығы, полиция полковнигі Анвар Арғынбаев шағын футболдан «Ең үздік ардагер футболшы» деген құрметке ие болды. Ол өз сөзінде: «Спорт – басымызды қосатын ұлы күш. Бүгін тек күш сынасып қана қоймай, ынтымақтастығымызды арттыра түстік. Мұндай ынтымақтастық қылмыстарды ашу кезінде өз нәтижесін бермей қоймайды», — деп ағынан ақтарылды.
Жарыс соңында спорттық бәсекеге түскен барлық қатысушылар мақтау қағаздарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жамбыл облысы ІІД
баспасөз қызметі