Қазан айының 28-і мен 29-ы күндері Алматы қаласындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының спорт залында самбо күресінен ТМД-ға мүше-мемлекеттердің шекаралық ведомствосының чемпионаты өтті. «Динамо» спорт қоғамы қолдау білдірген байрақты бәсекеде сынға түскен алты команда екі күн бойы жанкүйерлердің делебесін қоздырып, сайыстың сәнін келтірді.
Биыл үшінші мәрте жалауын көтеріп отырған біріншілікке Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, «Оңтүстік» Аймақтық басқармасы мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының командалары қатасып, тартысты өткен сайыста барлық спортшы жеңіске деген жігерін таныта білді. Айта кетелік, ТМД шекарашыларының арасындағы бұл чемпионаттың жыл сайын салмағы артып келеді. Оны сайысқа қатысушы командалар санының артқанынан ғана емес, боз кілем үстінде шиыршық атқан самбошылардың атақ-дәрежесінен де байқай аламыз. Себебі, спортшылардың арасында 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 27 спорт шебері мен 15 спорт шеберлігіне үмікер бар.
Сайыстың ашылу салтанатында әнұранымыз ойналса, сайыс қонақтарына сый-сияпат ретінде апорт алмасы берілді. Сонымен қатар, құрметті қонақтарға сөз ұсынылып, олар жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Әуелгі болып ТМД елдері Шекара қолбасшылары кеңесінің өкілі Сергей Мартыненкоға сөз берілсе, одан кейін мінбеге шыққан ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы басшысының орынбасары, полковник Серік Бисекеев жарысқа қатысушыларды құттықтады. Ал мұндай жарыстардың шекара қызметкерлеріне берері мол екенін жеткізген «Динамо» ДШСҚ Спорт басқармасының басшысы Николай Князев «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығына орай бірқатар адамға «Динамо» ДШСҚ – 90 жыл» мерекелік медальін табыс етті. Олар: ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Директоры – Дархан Ділманов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілі, подполковник – Нұрлан Жүсіпов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының бастығы – Павел Поливанов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы денешынықтыру кафедрасының бастығы – Борис Жакашев, ТМД елдері Шекара қолбасшылары кеңесінің өкілі – Сергей Мартыненко, «Динамо» ардагерлері – Петр Таратута, Анатолий Романюк, Константин Поливанов, Владимир Мазур.
Сайыстың ашылу салтанатынан кейін арнайы концерт тамашалаған қауым артынша боз кілем үстінде белдескен балуандардың өнеріне куә болды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы чемпионат әдеттегі біріншіліктен тартысты өтті. Өйткені, кіл мықты балуандарын баптап әкелген командалар соңғы сәтке дейін өз мүмкіндіктерін жібермеді. Осы ретте төрешілер де барынша әділ болуға тырысып, әділ жолмен реттеп отырды.
Сегіз салмақ дәрежесінде өткізілген чемпионатта жеті мәрте біріншілік тұғырынан көрінген Қазақстан құрама командасы жеңіске жетті. Бабында жүрген балуандарымыз қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Қазақстан құрама командасы 100 келіден жоғары салмақта ғана есе жіберіп алды. Бірақ, оның өзі екінші орын болатын. Ал Ресей командасы екінші орыннан көрінсе, Өзбекстанның спортшылары жалпы командалық есепте алғашқы үштіктің қатарын түйіндеді. Жекелей сында мықтылығын дәлелдеген спортшылар жөнінде айтар болсақ, 57 келі салмақта жерлесіміз Марат Нигматуллаев бірінші, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының курсанты Жәнібек Қожамқұлов екінші, ресейлік спортшы Арутай Кадышев үшінші орын иеленді. 62 келі салмақ дәрежесінде белдескен балуандар арасында Қазақстан құрама командасының өкілі Ержан Магауинов жеңіс тұғырына шықса, ресейлік Виталий Саакян екінші, «Оңтсүтік» Аймақтық басқармасы командасының өкілі Айдос Бөрібеков үшінші орын алды. 68 келі салмақта Мейіржан Қалтаевтың бағы жанса (Қазақстан құрамасы), Евгений Кунчу (Ресей) екінші, ал Азамат Зиятов (ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы) үшінші орынды қанағат тұтты. 74 келіде Миржан Қуанбаевтың (Қазақстан құрамасы) бағы жанса, Вячеслав Кольва (Ресей)екінші, Хуршид Азимов (Өзбекстан) үшінші орынға табан тіреді. 82 келі салмақта Қажымұқан Өтеулиев (Қазақстан құрамасы) – І орын, Элбек Эшмуродов (Өзбекстан) – ІІ орын, Муса Малхозов (Ресей) – ІІІ орын алды. 90 келіде: Александр Касачев (Қазақстан құрамасы) – І орын, Навруз Мавланов (Өзбекстан) – ІІ орын, Ерлан Мұсағалиев (ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы) – ІІІ орын; 100 келі салмақта: Амангелді Байбосынов (Қазақстан құрамасы) – І орын, Олег Спасеников (Ресей) – ІІ орын, Ербол Борашев («Оңтүстік» Аймақтық басқармасы) – ІІІ орын; 100 келіден жоғары салмақта: Мовлади Баялиев (Ресей) – І орын, Асан Мамбетқұлов (Қазақстан) – ІІ орын, Анвар Ураев (Өзбекстан) – ІІІ орын иеленді. Барлық жеңімпаздар рет-ретімен ортаға шақырылып, оларға құрметті қонақтар ТМД елдері Шекара қолбасшылары кеңесі мен «Динамо» спорт қоғамының атынан арнайы диплом мен медальдар табыс етті. Сондай-ақ, командалық сында жеңіске жеткен ойыншыларға ТМД елдері Шекара қолбасшылары кеңесінің, Динамолық ұйымдардың Халықаралық үйлестіру кеңесі мен «Динамо» спорт қоғамының кубогі мен дипломдары берілді.
Жарыстың соңында ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы башысының орынбасары, полковник Серік Бисекеев сөз алып: «Баршаңызды сайыстың ойдағыдай өтуімен құттықтаймын. Дәстүрге айналған чемпионаттың биыл да қазақ топырағында өткеніне қуаныштымыз», — деді. Ал ТМД елдері Шекара қолбасшылары кеңесінің өкілі Сергей Мартыненко: «Барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Сіздер бар күш-жігерлеріңізді жұмсап, жақсы ойын өрнегін көрсеттіңіздер. Келесі жылы дәл осы жерде кездесеміз деп ойлаймын», — деп, екі күні бойы дүрілдеп өткен біріншілікті жабық деп жариялады. Одан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, бір-бірімен достасып үлгерген спортшылар естелік суретке түсіп, бір-бірлерімен айқара құшақтасып жатты. Бейне бір бұл жарыс ТМД шекарашыларының мызғымас достығының алтын арқауы болғандай әсер қалдырды. Ал сайысқа қатысушы қонақтардың барлығы бұл чемпионаттың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айтып, алғыстарын жаудырды.