Тамыз айының 19-да Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің басшылығы және жеке құрамы, «Динамо» спорт қоғамының басшылығы Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, динамолық спортшы Александр Зайчиковпен кездесті.
Облыстық Ішкі істер департаментінің мәжіліс залында ұйымдастырылған кездесуде департамент бастығы, полиция полковнигі Ж. Сүлейменов сөз алып, Сыр сақшылары атынан Александр Зайчиковті жеңісімен құттықтады. Сыр халқының үмітін ақтаған ерен еңбегі үшін алғысын білдірген ол: «Көп жылғы жүйелі жұмысың, жеңіс жолындағы төккен маңдай терің ақталғаны үшін қуаныштымыз. Әлі талай жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің туын көкке көтеріп, Қазақ елінің атын төрткүл дүниеге танытатыныңа сенімдіміз», — деді. Әрине, тау көтерер толағай ұл қандай мақтауға да лайық. Себебі, динамолық ауыр атлет жақында ғана алауы сөнідірілген Олимпиада ойындарында қола медаль олжалаған болатын. Ал кездесу барысында қазақ елінің қоржынына қола медаль салған Александр да полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жерлестерінің үмітін ақтау үшін аянып қалмайтындығын жеткізді. Жиналғандарға олимпиада кезіндегі қызықтарын айтып берді.
Жиын барысында қызылордалық полицейлер олимпиада жүлдегерінің иығына шапан жауып, қайсар рухты жерлесіне ілтипатын білдірді. Кездесудің соңы естелік суретке түсумен аяқталды.