Қазақстан құрама командасының сапында Олимпиада ойындарындағы алғашқы алтынды қанжығамызға салып берген динамолық ауыр атлет Ниджат Рахимов болатын. Алексей Ни шәкірті 77 келі салмақта қос сайыс қорытындысы бойынша 379 келіні басынан асыра көтеріп, Олимпиада чемпионы атанды.
Жерлесіміз жұлқа көтеру кезеңінде әуелі 160 келіні бағындырды. Одан кейін 165 келіні көтергенімен, үшінші мүмкіндігінде 168 келіні ырқына көндіре алмады. Ал бұл кезеңде 177 келі салмақты бұйым құрлы көрмеген қытайлық Ляй Сяоцзюнь әлем рекордын жаңартып үлгерді.
Серпе көтеру сайысында Ниджат Рахимов 202 келіден бастады. Ал бұл сында басты қарсыласы қытайлық ауыр атлет 202 келімен шектеліп қалды. Жерлесімізге тәуекелге барып, кем дегенде 2014 келіні бағындыру керек болатын. Ол бар күш-жігерін салып, бұл салмақты көтерді. Нәтижесінде Олимпиада чемпионы атанған ауыр атлет Рио төрінде қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салып берді. Әрине, қытайлық Ляй Сяоцзюнь де дәл осы салмақты бағындырған болатын. Алайда Ниджаттың салмағы одан жеңіл болып, алтынан алқа тағынды. Қола медаль мысырлық ауыр атлет Мұхаммед Махмұдқа (361 келі) бұйырды.
Ниджат Рахимов чемпион атанғанда арнайы жеделхат жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстандықтар сенің өнеріңді зор қызығушылықпен және үлкен үмітпен тамашалады. Сен олардың үмітін толық ақтадың. Жоғары спорттық шеберлігің, жанкештілігің мен асқан ерік-жігерің саған қиын күресте мықты қарсыластарды жеңіп шығып, Қазақстанның олимпиадалық командасына алғашқы алтын медальді әперуге көмектесті. Сенің жеңісің елдің жас спортшылары үшін лайықты үлгі болары анық», — деп, қазақстандық спортшыны жеңісімен құттықтады. Ал чемпионның марапаттау сәтінде жанарына жас алып, қуанышын жасыра алмауы бәріміздің жүрегімізді тебірентіп өтті.
Айта кетейік, Әзірбайжан астанасы Бакуде дүниеге келген Ниджат Рахимов 2014 жылдан бері Қазақстанның намысын қорғап келеді. Ол ел құрамасы сапында 2015 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында алтын медаль олжалады. Сонымен қатар, бұған дейін, нақтырақ айтсақ 2010 жылы Еуропадағы жасөспірімдер арасындағы іріктеу турынан бірінші орын алса, Сингапурдегі жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанған.