Жақында Алматы қаласының «Шаңырақ» шағын ауданындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде бокстан «Динамо» спорт қоғамы Орталық кеңесінің республикалық турнирі өтті. Дүбірлі додада 2001-2002, 2006-2007 ж. ж. жасөспірімдер мен 1999-2001 ж.ж. қыздар сынға түсті.
«Олимпиада үміттері – 2020» атты ұранмен өткізілген сынға 92 жас былғары қолғап шебері қатысқан. «Динамо» ДШСҚ-ның аға бапкері Рахымжан Сыдықовтың айтуынша, бұл бәсекенің аясында алдағы сәуір айында Шымкентте жалауын көтеретін жастар ойындарында Алматының намысын қорғайтын қыздар командасы жасақталады екен. Ең қызығы, қазіргі таңда бокс клубын ашып, балғын боксшыларды тәрбиелеуге кірісіп кеткен динамолық екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай осы турнирге өзінің шәкірттерін ерте келіпті.
Шаршы алаңдағы шайқаста кіші топ арасынан Мәди Хамза, Ерасыл Сарқожаев, Әлидар Оңғарбек жеңімпаз атанса, 2001-2002 жылғы балалар арасында Ришат Марсилинов, Эльхан Төлегенов пен Эльдар Хайбулин жеңіс тұғырынан көрінді. Қыздар арасында Анель Сақыш, жазира Орақбаева, Мария Гладкова, Бәтима Базарбаева және Кәмила Ахмарова сынды боксшылар бірінші орын иеленді. Бір ауыздан Жазира Орақбаева түрнирдің «үздік боксшысы» атанса, балалар арасында бұл атаққа Мәди Хамза қол жеткізді.
Турнирдің маңыздылығына тоқталған «Динамо» спорт қоғамының аға бапкері Рахымжан Сыдықов: «Ең бастысы, бізге үлкен қолдау білдірген «Шаңырақ» шағын ауданындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Болат Хавлахат мырзаға алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да бірігіп жұмыс атқарып, үлкен істер тындырамыз деген сенімдеміз», — деп атап өтті.