ҚАЖЫМҰҚАН  БАБАМЫЗДЫ  ҰЛЫҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК

Қажымұқан – қазақ даласының батыры. Алып күш иесі, батыр бабамыз жайлы көптеген аңыздар бар. Күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған, қазақ палуаны туралы біз білмейтін деректерді отставкадағы милиция полковнигі, КСРО-ның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Мұрат Джанкобаев әңгімелеп берді. 

–  Мұрат ата, әңгіменің әлқиссасын жауырыны жер иіскемеген атақты палуан туралы өзіңіздің жеке естеліктеріңізден бастайық. Қажымұқан Мұңайтпасұлымен атаңыз қалай танысқан еді?

–  Жеке естеліктерімнен бастайтын болсам, анам жағынан (нағашы)  атам Тоғысов Абдуллабек  аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасұлымен етене араласқан. Өткен ғасырдың 30-жылдары Қажымұқан атамыз Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына барған көрінеді. Ол кездері менің Абдуллабек атам болыс басқарушысы болып қызмет атқарған. Сол жылдары қазақ даласының батырымен жақын танысыпты. Менің Абдуллабек атам да орасан күш иесі, танымал палуан болған. Менің бала кезімнен спортқа жақын болғаным да сол атамнан дарыған болар?! Самбодан бірнеше бәсекелерге түсіп, бағымды сынаған спортшымын. (жымиып) Жасым тоқсанға жақындап қалса да, әлі күнге дейін спортпен шұғылданамын.

–  Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуаны 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Біз тарихта қалған осындай мәліметтермен таныспыз.  Сіз,  Қажымұқан атамыздың беймәлім қырларын білетін шығарсыз? Бөлісе отырсаңыз…

  Өздеріңізге белгілі, 1927 жылы «Қазақ даласының батыры» деген атақ тұңғыш және соңғы рет Қажымұқанға берілді.  Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Мен 1950 жылдары  Қырғыз елінде жарық көрген «Советская Киргизия» газетінде  атақты балуан Г. В. Динавецкийдің ерлігіне арналған авторы Л. Богомозовтың «Встреча с молодостью» мақаласын оқыдым. Онда Г.В.Динавецкийдің атақты палуандар, Иван Поддубный, Қажымұқан туралы әңгімелеген естеліктері бар. Сол мақалада бәсекелестерінен басым түскен әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры Қажымұқанның күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгергені айтылады.  Г. В. Динавецкийдің бір естелігінде Киев қаласындағы Жмеринка ауылында, бірнеше еңгезердей орыс мұжықтары салмағы 450 келі металл сейфті көтеріп, бірінші қабаттан екінші қабатқа шығара алмайды. Олар Қажымұқаннан көмек сұрайды, ол арқанның көмегімен сейфті арқасына  салып, оп-оңай екінші қабатқа шығарып береді. Сол сәтте бәрі оның алып күшіне аң-таң болыпты. Тағы бірде, Токиода болған жәйтті есіне алады.  Жапонияда өткен әлем чемпионатының жабылу рәсімінен кейін  боз кілемге жапон атлеті Саракики Джиндофу шығады. Өзінің «жиу-житсу» тәсілдерімен күресетін палуан екенін айтып,  белдескенде күрескен адамды жеңетінін, кез келгеннің жауырынын жерге тигізетінін мәлімдейді.

Залда үнсіздік, бір қорқынышты тыныштық орнайды. Неге десеңіз, ол күрестің тәсілдерінде қолды бұрауға, аяқты сындыруға, тұншықтыруға, тістеуге рұқсат етілген. Күрес аяғында Қажымұқан Саракикидің үстіңгі ерні мен мұрынын қоса қармап, екінші қолымен желкесінен тіреп ұстап, ерні мен мұрнын қоса сыпырып алады. Саракики есінен танып қалған мезетте, сыпырылған бет-терісін қоя беріп, оның мойны мен иығынан мықтап қармап ұстайды да жоғары қарата лақтырып жібереді. Тарихта палуан бабамыздың осы жекпе-жектен жарақат алғаны белгілі. Ал жеңіліс тапқан Саракики көз жұмған.

 – Мұрат ата, бір деректерде «Қажымұқан өмірінің соңында тұрмыстың қиындығын көп көрген» десе, екіншісінде «Палуан өмірінің соңы ағайын-туғанның ортасында өтті. Ел-жұрты жылы-жұмсағын ардагерінің аузына тосты» делінген. Осы тұрғыда, Сіз не айтар едіңіз?

–  Менің білетінім, қазақ палуаны қартайған шағында көп жоқшылық та, таршылық та көрген. Көзі тірісінде Үкіметтен қайыр болмаған, батырды еш елемеген. Кішкентай балаларымен ескірген кішкентай лашық үйде тұрған екен. Тіпті, палуан кезінде жеңіске жетіп, еңбегімен алған алтын медальдарының барлығын күн көру үшін сатуға мәжбүр болған. Бұған Үкіметтен қаражат сұрап жазған хаты дәлел: «Мен өмірімнің 55 жылын күреске арнадым. Талай рет өлім аузында болдым. Америкадан өзге шетелдердің бәрін де араладым. Қазір жасым 75-те. Менің қазіргі тұрмыс жағдайым нашар» деп өз қолымен 1945 жылдың 26 маусымы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Әбсәмет Қазақбаевқа хат жазған. Зейнетақы тағайындап бер деп өтінгенімен, оған жауап келмейді. Осылайша, 1948 жылы қазақ палуаны назалы күймен дүниеден озды.

–  Сіздің ойыңызша, бүгінде алапат күш иесін біз қаншалықты ұлықтап жүрміз?

–  Иә, менің ойымның үстінен дәл түстіңіз. Мені мектептердің оқу-тәрбие үдерісіне қазақ батыры, дара палуаны туралы жазылған оқулықтар оқушыларға ұсынылса, анимациялық фильмдер, көркем фильмдер түсірілсе деген ойлар мазалайды. Сонда ғана бізде жас ұрпақтың өзін-өзі ұлттық рухта, намысқа, мәдениетке тәрбиелеуге, жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал жасайтын мүмкіндіктер туар еді?! «Бәрінен де елді аузына қаратқан ақын болғанға не жетсін» деген Қажекең. Жат жерде жүрсе де, өз тілін ұмытпаған, домбыра шертіп, өлең шығарған. Менің мақсатым – жеткіншек ұрпақ палуанды жан-жақты таныса, ұлағаты мол құндылықтарды бағаласа деген ой. Қажекеңнің тек білек күш иесі ғана емес екенін, оның парасатты, ойшыл, намысшыл адам болғанын айтып, дәріптеу – ел намысын әлем жұртшылығы алдында қара нардай көтерген баба рухы алдындағы азаматтық, перзенттік парызымыз емес пе?!  Жасы жетпістен асқан шағында екінші дүниежүзілік соғысқа арнап ұшақ жасатқан Қажымұқан біртуар палуан ғана емес, елін, жерін шексіз сүйген азамат. Алланың берген табиғи күшімен, ғажап өнерімен тапқан қаражатын жетім-жесірге үлестіріп жіберіп, өзі ас-судан тарылып, жоқшылықтың тауқыметін тартқан мәрттігін ұмытпауымыз керек. Елімізде Қажымұқан рухына арналған бірде-бір күрес турнирі өткізілген жоқ.

Ал көрші Ресейде әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары Иван Поддубный мен Иван Ярыгиннің, Беларусьте Александр Медведьтің құрметіне әлемдік деңгейдегі дәстүрлі күрес додалары өтеді. Біз,  неге Қажымұқанның жүлдесі үшін ірі халықаралық турнир ұйымдастырмаймыз? Менің айтпағым – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне, спорттың басы-қасындағы азаматтар осы мәселені қолға алып, ескерсе деймін. Ең бастысы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының палуан образы арқылы кейінгі ұрпаққа спорттық құндылықтарды дәріптейік!

 –   Салиқалы әңгімеңізге рақмет! 

Гүлбану ОМАРБЕКОВА,

«Динамо» ДШСҚ ОК-нің

сайт редакторы