Оқ атудан Кувейтте өткен халықаралық турнирде еліміздің құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді ұтып алды. Нақтырақ айтсақ МВ-9 жаттығуы бойынша 596 ұпайымен Александра Малиновская (суретте) және пневматикалық тапаншадан оқ атуда Рашид Юнусметов чемпион атанды. Тағы бір жаттығу бойынша Александра Малиновская мен Александр Ермаков күміс медальді ұтып алса, Зәуреш Байбосынова мен Владимир Исаченко қола алқаға қол жеткізді.
Ақпан айының 28 мен наурыздың 10 аралығында өткен бұл байрақты бәсекеде 39 елдің спортшылары өз бақтары қатысты. Біздің елден құралайды көзге атқан 14 спортшы мен 4 бапкер аттанған болатын. Жалпы жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымыздың барлығы динамолықтар екендігін мақтанышпен айта аламыз.
«Динамо» командасының аға жаттықтырушысы Константин Малиновский спортшыларымыздың өнеріне жоғары баға берді. «Өткен жылы бұл турнир бірінші рет өткенде біздің спортшылар 4 медальмен оралған еді. Ал, биылғы жарыста спортшыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізіп, бір қадам алға жылжыды. Жалпы спортшыларымыз ауа райының қолайсыздығына қарамастан ел намысын абыройлы қорғап шықты. Өйткені күн салқын әрі жел соғып тұрды. Бізде табиғат астында ату алаңдары жоқтығын ескергеніміз жөн»,-дейді аға жаттықтырушы.
Мұндай жетістікке жетудің тағы бір себебі өз ішімізде жүргізілген іріктеу сайыстарының оң нәтижесі екендігіде тілге тиек еткен аға жаттықтырушы бұл сайысқа мықты мерген Ольга Довгунның қатыспағандығын айтып өтті. Егер ол барғанда қоржынымыздағы медальдар саны артығырақ болар ма еді? О. Довгун Олимпиадалық ойындардан кейін қайта дайындық кезеңін басынан кешіруде екен.
Сонымен қатар ол биылдан бастап Халықаралық оқ ату федерациясы жаңа ережелер мен тәртіптер енгізілгендігін атап өтті. Атап айтсақ қаруды тексеру жағы қиындатылған, сондай-ақ ақтық жаттығу бөлімін өткізудің болмысы өзгертіліпті. «Осы жолғы сайыс та жаңа ереже бойынша өтті. Бұрын ақтың сында спортшылардың оған дейін жинаған ұпайлары есепке алынса, қазір олар есепке алынбайды. Яғни, ақтық сында кім көп ұпай жинаса, сол жеңімпаз аталады», -дейді аға жаттықтырушы.
Жаттықтырушы сонымен қатар, ел құрамасының негізгі тірегі динамолық спортшылар екендігін айтып өтті. Өйткені оқ атудағы ең мықты спортшылардың барлығы динамолықтар екен, тіптен осы жолғы сайысқа аттанған 14 спортшының оны динамолық болып табылады.
К. Малиновскийдің айтуынша, мергендерімізді алда үлкен жарыстар күтіп тұр екен. «Осы жылдың қазан айында Азия чемпионаты өтеді. Ал, келесі жылы Әлем чемпионаты және сол жерде алғашқы олимпиадалық жолдамалар сарапқа салынады. Сонымен қатар биыл Қазан қаласында Бүкіләлемдік универсиада өз жалауын көтермек»,-дейді жаттықтырушы.
Әділет Мұсахаев, Аламан порталы, 13 Наурыз, 2013