Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңыздылығын, спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керектігін атап өткен болатын.
Президент жолдауын басшылыққа ала отырып, «Динамо» спорт қоғамы барлық облыстарда балаларға арналған тегін спорт секцияларының санын көбейту ісін қолға алды.
Осы мақсатта жуырда Нұр-Сұлтан қалалық «Динамо» спорт қоғамы қала әкімдігінің «Астана жастары» КММ Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп ата-анасыз қалған балалар мен әлеуметтік жағдай төмен отбасыларынан шыққан балаларға арналған жаңа аула клубын ашты. Клубта бокс, қоян-қолтық ұрыс, таэквандо секілді спорт секциялары, сондай-ақ тренажер залы жұмыс істейтін болады. Алдағы уақытта қазақ күресі спортын дамыту ойда бар. Балаларды біліктілігі жоғары спорт шеберлері тегін жаттықтыратын болады.