Алатаудың баурайында тұңғыш рет бокстан әлем чемпионаты өтіп, күллі бокс сүйер қауымның назарын елімізге аудартты.
Еліміз бұл байрақты бәсекеге сайдың тасындай 10 мықты былғарып қолғап шеберін үкілеп шығарды. Оның тоғызы динамолық боксшылар екенін мақтанышпен айта аламыз.
Өздеріңіз білесіздер біздің боксшылар шаршы алаңда атой салып, қазақ боксшыларының осы дүбірлі додадағы басты қарсылас екендіктерін бірден байқатты. Жігіттеріміздің бұл жарысқа үлкен дайындықпен келгендігі бірінші кездесулерінен-ақ байқалып тұрды. Сәтті өнер көрсеткендігі соншалық, бірден сегіз спортшымыз жартылай финалға жолдама алып, төбемізді көке жеткізді. Жарыстың қорытындысы бойынша 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді жеңіп алған Қазақстан командасына тең келер ешкім болмады.
Ел намысын абыройлы қорғап, қоржынымызды медальдармен толтырған динамолық спортшылардың еншісінде 3 алтын, 2 күміс, 2 қола бар. Нақтырақ атап айтар болсақ, Мерей Ақшалов (64 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) алтынмен апталса, Лондон олимпиадасының жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен ауыр салмақтағы Иван Дычко (91+ келі) күміспен күптелді. Ал, Қайрат Ералиев (56 келі) пен Берік Әбдірахманов (60 келі) қола жүлде алды.
Сондай-ақ, AIBA шешімімен турнирдің үздік боксшысы болып динамолық спортшы Данияр Елеусінов танылса, үздік бапкер Мырзағали Айтжанов болды.