Саян Шаймерденов – Қазақ спортының жауқазын жұлдыздарының бірі. Ол 22 рет жалауы көтерілген КСРО чемпионаттарында 18 мәрте чемпион болған және төрт рет күміс жүлдесін олжалаған Алматының «Динамо» командасында өнер көрсеткен.
Саян Шаймерденов – Қазақ спортының жауқазын жұлдыздарының бірі. Ол 22 рет жалауы көтерілген КСРО чемпионаттарында 18 мәрте чемпион болған және төрт рет күміс жүлдесін олжалаған Алматының «Динамо» командасында өнер көрсеткен. Әрі осы әйгілі команданың капитаны және белді ойыншысы болған. Саян Сафуанұлы – он бір жылдық спорттық карьерасында көкмайса алаңда ойқастап жүріп, тарихта өшпес із қалдырған ерекше тұлға.
Көкмайса алаңда бірнеше жыл үзіліссіз тер төкен соң, сексенінші жылдардың ортасына қарай ұстазы Э.Айрихтің ұлағатты ісін одан әрі жалғастырады. Тағдыр оған әйелдер арасындағы көгалдағы хоккейдің күлімен кіріп, оты мен шығуды жүктейді. Шаш етектен проблемасы бар құраманың күйінішіне шоқтай қызып, болмашы қуанышына күлімсіреп жүріп, ҚР көгалдағы хоккей федерациясының барлық ауыртпалығын қоса көтереді. Сол жылдары КСРО-ның 18 дүркін чемпионы, даңқты «Динамодан» жұрнақ та қалмайды. Ал КСРО чемпионатында қола жүлде жеңіп алған «Связистен» тұяқ қалады. Саянның қажырлы еңбегінің арқасында «Связист» Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің командасы болып қайта түлеп, Ресей чемпионатына да қатысады. Саянның командасы Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары ел спортының адымын аштырмаған қаражат тапшылығана қарамай, халықаралық додаларға да қатысып тұрады.
Осы жылдары қаражат іздеп, зыр жүгіруі ұлан-ғайыр Қазақстан аумағымен ғана шектелмейді. Саян ағаны жақсы танитын Халықаралық көгалдағы хоккей федерациясы (FIN) сол жылдары Қазақстанға қол ұшын бермек те болады. FIN менеджері әрі беделді бапкер Мохамед Икрам 2001 жылы Алматыға ат басын тірейді. Себебі Саян Сафуанұлы Алматыға жасанды төсемесі бар стадион салдыруды армандап, халықаралық федерациядан көмек сұрайды. Міне, осы мақсатта, Саян ағаның халықаралық аренадағы беделінің арқасында, Қазақстанға FIN тарапынан 100 мың АҚШ доллары көлемінде грант бөлінген болатын. Бірақ бұл да аз еді. Жасанды төсеменің құнының өзі 250 мың доллар тұратын. Ол үшін біздің тарапымыздан «қалған 150 мың долларды қайтарып береміз» деген кепілдеме қажет еді. Сол кездегі Саян-ағаның аяғынан таусылып жүгіргені-ай. «Ең бастысы, жасанды төсемеге қол жеткізсек екен, содан кейін оған арнап жаңа спорттық кешен салмасақ та, төсейтін стадион табылар» деп ойлаған болар, әлгі 150 мың доллардың кепілдемесінің соңында тыным таппай, зыр қақты. Қол ұшын берер жан табылсашы. Сөйтіп, біздің елге «қажет емес» грант кері қайтты. Саян аға бұған өте қатты күйзелді.
Сол жылы қазан айының соңында Саян Шаймерденовтен осы грант жөнінде сұхбат алған едім. Маған сонда күрмеуі қиын сол мәселенің өзі Саян ағаның сағын сындырмағандай көрініп еді. Бірақ… 30 жыл бойы Қазақстанның көгалдағы хоккейіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, сүбелі үлес қосқан нар тұлғалы ғазиз ағаның еңсесі барлық ауыртпалықты көтергенімен, кеудесіндегі әрбір қиыншылыққа іштей күрсініп жүрген жүрегі шыдай алмапты. 2002 жылдың басында, 49 жастан енді асқан шағында қазақ хоккейінің көрнекті де жарқын жұлдызы мезгілсіз көз жұмды.
Белгілі жазушы Сафуан Шаймерденов пен ұлағатты ұстаз Бағдат апайдан тәлім-тәрбие алған, Э.Айрихтей білікті бапкерден тәжірибе жинақтаған Саян Шаймерденов өз өмірінде өте сыпайы, мәдениетті, парасатты, кішіпейіл, қайырымды адам болған еді. Өз қарамағындағы ұлттық құраманың сапында өнер көрсететін қыздардың бәрі Саян Сафуанұлын «папа» дейтін. Бұл да оның рухының биіктігі мен педагогтік парасаттылығының өлшемі болар. Саян аға сол кездің өзінде ағылшын тілін жақсы білді. КСРО құрамасы шетелге шыққанда мұның пайдасы тиеді. Сонда КСРО құрамасындағы басқалар емес, қазақтың Саяны шетелдіктермен тілдесіп, құраманың «ұсақ-түйек» проблемаларын шешіп отырады. Бұл да марқұм Саян ағаның білімділігі мен ілімділігіне дәлел бола алады деп ойлаймыз.
…1980 жыл. Мәскеу Олимпиадасына көгалдағы хоккейден КСРО құрамасының сапына Алматының «Динамосынан» 10 ойыншы алынған еді. Бұл тіпті газет беттерінде жарияланып, бояуы сіңіп, түпкілікті шешілгендей де еді. Бірақ… мамыражай мамыр айының ортасында КСРО құрамасының мүшелері соңғы медициналық тексеруден өткізіледі. Дәрігерлер «Саянның бауырында қауіпті ісік бар» деген қорытынды шығарады. Үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін мұндай кесімге таңғалған Саян бас бапкер Михаил Осинцевке жүгіреді. «Жаныма батып жүрген ауру жоқ. Денім сау. Олимпиададан кейін емделсем де болады ғой» деп қиылады. Алайда Осинцев илікпейді. Егер Э.Айрихтің өзі болғанда жағдай мүлде басқаша болар ма еді? Өкінішке қарай, тап сол кезде Айрих сырқаттанып, ауруханада жатқан болатын. Сөйтіп, Саян Шаймерденов КСРО құрамасынан тыс қалып, олимпиада жүлдегері болу бақытынан айырылады.
Саян Шаймерденов – екі дүркін Еуропа чемпиондары кубогының иегері, әлем кубогының қола жүлдегері, КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы және екі мәрте күміс жүлдегері. КСРО халықтарының спартакиадасында чемпион атанған сайыпқыран шабуылшы. Ол КСРО құрамасының сапында 50 ойын өткізген. Сол кезде Қызыл империя құрамасының сапында осыншама ойын өткізудің өзі ерен жетістік болып саналатын. Себебі өзге ұлттың өкілдеріне КСРО құрамасына ілінудің өзі қиямет-қайым болатын. Бірнеше жыл әйгілі «Динамоның» капитаны болды. Бес жыл (1977-82 жылдар аралығында) КСРО құрамасының да капитаны болған. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Одағы тұсында спорттық ойындар түрінен КСРО құрамасының капитаны болған қазақ – ілуде біреу. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы.
Нұрғазы САСАЕВ